×

Тоқаев: «1986 жылғы наразылық шеруі халқымыздың бостандыққа ұмтылысын көрсетті»

Мемлекет басшысы желтоқсаншылардың ерлігі тарихымызда мәңгі жазылатынын атап өтті

 Халық үні 17.12.2021 | 15:28
Желтоқсан оқиғасы, фото: baribar.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан 35 жыл бұрынғы Желтоқсан оқиғасы жайында жазба жариялады.Президент 1986 жылғы наразылық шеруі халқымыздың бостандыққа ұмтылысын көрсеткенін атап өтті.

Осыдан 35 жыл бұрын қазақ жастары Кеңес одағының өктемдігіне қарсы шықты. 1986 жылғы наразылық шеруі халқымыздың бостандыққа ұмтылысын көрсетті. Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының өшпес ерлігі біздің мемлекеттілік тарихымызға мәңгі жазылды, - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

1986 жылдың 17 желтоқсанында таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, «бұзақыларды» күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ-нің бұйрығы негізінде дайындалған «Құйын — 86» операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды.

18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды.

Бұл - бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға.

Желтоқсан көтерілісіне КОКП ОК-нің қаулысымен «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама