×

Мемлекеттік тілді білмегендерге Қазақстан азаматтығы берілмейді – ІІМ

Заңға өткен аптада президент қол қойған

 Дәурен Ерболат 20.05.2024 | 16:06
Фото: gov4c.kz

Енді мемлекеттік тілді білмегендерге Қазақстан азаматтығы берілмейді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол «Халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға түсінік берді. Құжат аясында 7 кодекске, 13 заңға өзгерістер енгізілген. Ол бойынша аса ауыр қылмыс жасағандар, террористер мен педофилдер Қазақстанға кіре алмайды:

  • Балаларға қатысты бұрын жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған иммигранттарға тұрақты тұруға және Қазақстан азаматтығын алуға рұқсат беруден бас тарту;
  • Шетелдіктердің экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатысы бар екені туралы мәлімет болса, елге кіруге тыйым салынады;
  • Ұйымдасқан топтардың көшбасшылары саналатын, ауыр қылмыстары үшін сотталған шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салынады.

«Халықтың көші-қоны туралы» заңға да жаңа баптар енгізілген.

«Бұл көші-қонды бақылаудың тиімділігін арттырып, жүйелі түрде жасалатын және жасырын құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Отбасымен қауышу институтын нығайту үшін енді Қазақстанға келуге визаны рәсімдеу кезінде отбасы мүшелерін қаржылық тұрғыда қамтамасыз ете алатынын не шақырушы тарап, не шақырылған адам растауы қажет. Бұрын бұл талап тек шақырушы адамға қатысты еді. Қазақстанды халықаралық еңбек нарығына интеграциялау, қазақстандық эмигранттарды, яғни білікті мамандарды қайтару үшін виза санаттары кеңейтілді. Олар қажет кәсіптер мен дағдылар тізбесіне қарай беріледі», – деді Шыңғыс Алекешев.

Сондай-ақ «Азаматтық туралы» заңда азаматтыққа қабылдаудан бас тартудың негіздері нақтыланды. Енді мемлекеттік тілді білмегендер Қазақстан азаматтығын ала алмайды.

Мысалы, мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, еліміздің тарихы мен Конституциясының негіздерін білмеген жағдайда азаматтық берілмейді. Қажет деңгейді Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайды. Түзетулер азаматтардың қоғамға тез бейімделуін көздейді. Тілді білу қоғамға тезірек сіңіп, мемлекет өміріне араласуы үшін қажет. Бұл түзетулер әлемдік тәжірибеге сай. Көптеген елде азаматтық алу үшін мемлекет тарихы мен мемлекеттік тілді білу бойынша емтихан тапсыру қажет, – деді ресми өкіл.

Сонымен қатар қос азаматтықты болдырмау үшін Қазақстан азаматтығынан айырудың жаңа негізі енгізілген. Яғни, Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің паспортын пайдаланған жағдайда еліміздің азаматтығы тоқтатылады.

Қылмыстық-атқару жүйесі бойынша да заңға түзетулер енгізілді.

Мысалы, пенитенциарлық мекемелерде бейнебақылау камераларын қасақана бүлдіргені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Сотталғандар өздерінің заңсыз әрекеттерін жасыру мақсатында бейнебақылау камераларын қасақана істен шығарады. Соңғы уақытта мұндай фактілер көбейген. Сондықтан Қылмыстық кодекске «Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде, тергеу изоляторларында, уақытша ұстау изоляторларында бейнебақылау жүйесін, сол сияқты оның компоненттерін қасақана жою немесе бүлдіру» деген 428-1-бап енгізіледі. Бұл жауапкершілік сотталғандарға да, ҚАЖ қызметкерлеріне де қатысты, – деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама