×

Көмек барлық жерге жетпей жатыр – Антакия қаласының тұрғындары

Біз балалардың дауысын естіп отырмыз. Құтқарыңыздаршы, - деді түрік азаматы

 Дастан Жұмабекұлы 10.02.2023 | 16:56
фото: ашық дереккөз

Түркияның вице-президенті Фуат Октай жер сілкінісінен көз жұмғандардың нақты саны 18 мың 342 адамға жеткенін айтты.

Түркия мен Сирияда жер сілкінісінен қаза тапқан адам саны сағат сайын өзгеріп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша құрбандардың саны 21 мыңнан асып кетті.

Түркияның вице-президенті Фуат Октайдың айтуынша, көз жұмғандардың нақты саны 18 мың 342 адамға жеткен. Ал зардап шеккендер саны 74 мыңнан асады.

Сирияда 3377 адам қаза тапты деген дерек бар. Бұл қайғылы жағдайды Түркияның президенті Режеп Тайып Ердоған «ғасыр апаты» деп атады. Президент жер сілкінген Түркияның 10 елді мекенінде 90 күндік төтенше жағдайлар режимі енгізілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ елде табиғи апаттан құрбан болғандарға арнап, жеті күндік жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Зілзаладан қатты зардап шеккен елдімекеннің бірі Антакья қаласының 10 мыңнан астам халқы баспанадан айырылды.

Көмек барлық елдімекенге уақытылы жетпей жатыр, –  дейді Антакия қаласының тұрғындары.

Жалпы, Антакья қаласының ғана емес, зілзала болған қалалардың барлық тұрғындары бүкіл әлемдегі халықаралық ұйымдардан көмек жіберуді сұрап жатыр. Қара жамылған халық ең болмағанда үйінді астынан шырылдаған балаларын аман алып қалсақ деген жан-айғайын айтады.

Біз төртеу едік. Екеуін ғана құтқара алдық. Қалған екеуі әлі үйіндінің астында жатыр. Біз олардың дауысын естіп отырмыз. Бізге құтқарушылар керек. Бүкіл әлемнен балаларымызды аман алып қалуға көмектесіңіздерші деп сұраймыз, – деді Антакья қаласының тұрғыны Абдулкадер Баракат. 

Соңғы мәліметке қарағанда, Түркияда құрылыс компанияларына қатысты тергеу басталды.

Түркияның Әділет министрлігі зілазала болған аймақтардағы үйлер мен ғимараттарды салған барлық құрылыс компанияларына қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Осы мекеменің басшысы Бекир Боздагтың айтуынша, өз істеріне жауапсыз қарап, ғимаратты тұрғызғанда тиісті талаптарды сақтамағандар қатаң жазаланады.

Түркияда табиғат апатынан 6,5 мыңнан аса нысан қираған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама