×

Қант тапшылығы: Қазақстан көрші елден тағы көмек сұрады

Жазда қантқа сұраныс артатыны белгілі

 Қымбат Елтайқызы 18.05.2024 | 09:00
фото: inbusiness.kz

Ресей Қазақстан үшін қант квотасын жазғы маусымға дейін тағы 100 мың тоннаға арттыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Үкімет мәліметінше, бұл туралы Қазанда (РФ) Қазақстан вице-премьері Серік Жұманғарин мен Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчуктың төрағалығымен өткен кездесуде келісілді.

2024 жылғы 3 мамырда Ресей үкіметі осы жылдың 31 тамызына дейін қант шығаруға уақытша тыйым салу туралы қаулы қабылдаған болатын. Қазақстан үшін 120 мың тонна көлемі қарастырылған. Қоймалардағы және квота шеңберінде бөлінетін қолдағы қордың көлеміне қарамастан, қантты тұтынудың ең жоғары саналатын жаз маусымы қарсаңында қазақстандық тарап екіжақты кездесуде қант жеткізу квотасын тағы 100 мың тоннаға ұлғайту мәселесін көтерді. Алдын ала келісім алынды, енді квотаны ұлғайту мәселе 29 мамырда ЕЭК Кеңесінің отырысында қаралмақ, – дейді ведомство.

Сондай-ақ, кездесуде ағаш материалдарын Ресейден Қазақстанға әкету үшін өткізу пунктерінің санын көбейту мәселесі көтерілді. Қазір Қазақстан-Ресей шекарасында тек 6 өткізу пунктінен шығару рұқсат етіледі. Енді Қазандағы кездесудің қорытындысы бойынша, Ресей тарапы жақын арада тағы 4 автокөлік өткізу пунктін ашуға дайын екенін білдірді.

Тараптар сондай-ақ өзара сауда аясында тасымалданатын көліктер мен жабдықтарға электронды төлқұжат беру мәселелері бойынша уәкілетті құрылымдар арасында өзара іс-қимылды жедел орнатуға келісті. Сонымен қатар Шүлбі МАЭС екінші кезегін салу, Ертіс суларын пайдалану бойынша жоспар құру және басқа да мәселелер талқыланды.

Сол күні Қазанда Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Татарстанның Раисы Рустам Миннихановпен кездесті. Онда қатысушылар Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады. Серік Жұманғарин Kazanforum жұмысына қатысып, Қазақстан атынан сөз сөйледі, – дейді Үкіметтің баспасөз қызметі.

Қазақстан қант экспортына тыйым салады. Қазақстан Ресейден қосымша қант сатып алмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама