Halyq Uni логотип
×

Ұлттық банк рубль бағамының теңгеге әсері туралы мәлімдеме жасады

Ресей мен Украинадағы қазіргі жағдай валюта нарығына қалай әсер етпек?

 Қымбат Елтайқызы 27.02.2022 | 19:00
Ұлттық банк рубль бағамының теңгеге әсері туралы мәлімдеме жасады
фото: Halyq Uni

Қазақстан Ұлттық банкі валюта нарығы жөнінде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

2022 жылғы 26 ақпанда Ақ үй Еуропалық комиссия, Франция, Германия, Италия, Ұлыбритания, Канада және АҚШ көшбасшыларының Ресейге қатысты бұдан былайғы шектеулі экономикалық шаралар туралы бірлескен мәлімдемесін жариялады. Атап айтқанда, шаралар Ресейдің жекелеген банктерін SWIFT хабарларымен алмасу жүйесінен алып тастауды және басқа шектеу шараларын, оның ішінде Ресейдің Орталық банкіне қатысты шектеу шараларын енгізуді көздейді.

Сонымен қоса, S&P Global Ratings рейтингтік агенттігі халықаралық санкциялар енгізілгеннен кейін Ресейдің ұзақ мерзімді рейтингін инвестициялық емес рейтинг деңгейіне (BB+) дейін төмендетті.

Ұлттық банк нақты уақыт режимінде елдер үкіметтерінің, Орталық банктері мен қаржы ұйымдарының ресми мәлімдемелерін қадағалап отырады және Ресейге қарсы жаңа санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне ықпал ету дәрежесін бағалайды.

Алдағы күндері Ресей рублінің бағамы айтарлықтай құбылмалылықпен сипатталады және көп жағдайда нарық ықпалына және тәуекел-сентименттің өзгеруіне ұшырап, аз дәрежеде іргелі факторларды көрсетеді.

Рубльдің шамадан тыс ауытқуының теңгеге негізсіз ықпал етуін төмендету үшін Ұлттық банк қажет болған жағдайда валюталық интервенциялар жүргізеді. Мұндай интервенциялар көлемі мен жиілігі ішкі валюта нарығындағы жағдайға байланысты болады. Бұл ретте теңгенің икемді бағамы сыртқы сектор тарапынан тәуекелдерді іске асыру аясында маңыздылығы артқан алтын-валюта активтерінің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алтын-валюта активтерінің ағымдағы деңгейі импорттың 8,8 айын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді Ұлттық банк.

Транспаренттілік қағидаты аясында Ұлттық банк жүргізілген операциялар көлемін жариялайды. Сыртқы нарықтардағы ахуалдың дамуына қарай Ұлттық банк ашық коммуникацияларды жүргізуді жалғастырады.

Атап өтсек, қазір Ресей мен Украина арасында қарулы қақтығыс болып жатыр. Жуырда Путин Донбасстағы арнайы әскери операция туралы мәлімдеді. Бұл экономикалық ахуалға әсер еткендіктен Қазақстан үкіметі және Ұлттық банк азаматтардың теңгедегі депозиттеріне 10% өтемақы төлеу жөнінде шешім қабылдады. Одан кейін Смайылов Тоқаевқа Украинадағы оқиғаның кері әсерін төмендету шаралары жайлы баяндады. «Сбербанк Қазақстан» мәлімдеме жасады. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, дағдарысқа қарсы жоспар әзірледі. Елімізде депозиттер бойынша мөлшерлеме артты. Валюта бағамы әрі банктерге қатер күшейе түсті, деді Президент. Елімізде тауарды негізсіз қымбаттатқандар жазаланады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама