×

«Екі рет арбамды көлік қақты»: 72 жастағы жиһанкез Орал қаласына жетті

Сәрсенбай Қотырашов 15 облысты аралады

 Халық үні 25.08.2022 | 14:44
Halyq Uni

Қазақстанның өңірлерін жаяу аралап жүрген 72 жастағы саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов Орал қаласына жетті. Бұл – саяхатшы барған он бесінші облыс.

Сәрсенбай Қотырашов республиканың 17 облысын жаяу аралауды жоспарлаған. Жол-жөнекей ақсақал Ұлытауды, қымыздың емдік қасиетін насихаттап келеді.

Ақсақал «Ұлытауға бардың ба...» сапарын 31 наурызда Ұлытаудан бастады. Қазірге дейін Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Талдықорған, Аягөз, Өскемен, Семей, Павлодар, Баянауыл, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе қалаларында болды.

Саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов – ұста, реставратор. Ақсақал жолда қолөнер шеберлерімен кездеседі, олардың аты-жөнін жазып алады.

«Жеті жұп аяқ киім, арбаның 18 дөңгелегін ауыстырдым. Екі рет арбамды көлік қақты», - дейді ақсақал.

Қазақстандықтар саяхатшының сапарын әлеуметтік желі арқылы бақылап отыр. Кездескен адамдар саяхатшымен бірге фотоға түсіп, шотына ақша аударады. Енді бірі қонатын орны мен ас-суын береді.

Саяхатшы Орал қаласынан кейін Атырауға, одан кейін Маңғыстау өлкесіне барады. 9 мың шақырым жүріп, сапарын 29 қазанда Ақтау қаласында аяқтайды.

Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама