×

Атышулы Мұрат Әбділда түрмеде кітап оқып, жұмыс істеп жүр

Оның «досы» көп болған, түрмеге түскен соң соның бәрі хабарсыз кеткен

 Еркеғали Болатұлы 28.07.2022 | 11:06
фото: дереккөз

Шымкенттегі 167/3 жалпы режиміндегі колонияда атышулы блогер Мұрат Әбділда жазасын өтеп жатыр. Ол Instagram-дағы даулы жазбалары мен әнінің салдарынан «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін» 4,5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Otyrar.kz мәліметінше, Мұрат Әбділда колонияға биыл мамырда келген. Ол бірден өз еркімен жұмыс істеуге кірісіп, дәнекерлеушінің көмекшісі болған. Қазір оған қарапайым, қауіпсіз жұмыстар сеніп тапсырылады екен.

Мұнда келгенде көпшілігі мені таныды, «көп жерде ән айтып, шығып жүрген сен бе?» дейді. Барлығы маған жақсы қарайды, ешкім мазақтамайды. Әкімшілік жағынан да бәрі жақсы. Бірден цехқа орналастырды. Дәнекерлеушінің көмекшісі болып жұмыс істеймін әрі жалақым бар. Тек анамды сағындым, - дейді Мұрат Әбділда.

Оның айтуынша, абақтыға анасынан басқа ешкім келмеген. Оның «досы» көп болған, түрмеге түскен соң соның бәрі хабарсыз кеткен.

Темір тордың арғы жағында жай отырмаймын, Мұқағали Мақатаевты оқимын, өлең жазамын. Әрине, темір тор жақсы емес, бірақ шағымданбаймын. Демек тағдырым осындай деген сөз, - дейді Мұрат Әбділда.

Сондай-ақ ол желідегі парақшаларын ешкім өшірмегенін, досы жүргізетінін айтты.

Instagram-да досым жарнама немесе мен туралы ақпарат жариялайды. Жиналған ақшаны анама береді. Айтпақшы, оқырмандар азайып қалды. Өйткені мен жоқпын, былай бәрі жақсы. Шыққан соң тағы жинаймын, - дейді блогер.

Айта кетсек, қазір оның Instagram-да 40 мыңнан аса және Tiktok-та 111 мыңнан аса оқырманы бар. Ол әлеуметтік желілердің жұлдызы болуды да ойламаған. Жай ғана ән айтып, түрлі видеолар түсіріп жариялап жүрген, кейін оны халық тани бастаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама