×

«Есі сау ма?»: қайғылы оқиға болған күні Бишімбаевтың көріпкелге жазған хаттары оқылды

Астанада экс-министр мен оның туысына қатысты сот процесі жалғасып жатыр 

 Айгерім Таубай 23.04.2024 | 12:30
Фото: Halyq Uni

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжанова қатысты сот жалғасып жатыр.

23 сәуірде сотталушы Бишімбаевтың ұялы телефонындағы фото-видеолар мен мессенджерлердегі хаттары, қоңыраулары зерттеліп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Салтанат Нүкенова қайтыс болған 2023 жылдың 9 қарашасында Бишімбаев өзінің көріпкеліне бірнеше рет хабарласып, хат жазған. Оны телефонында «Гүлнар Шым» деп сақтаған.

(15:01) Бишімбаев: Оның жағдайы жақсы ма? Ол ұйықтап жатыр

(15:48) Гүлнар: Бәрі жақсы, таңға дейін ұйықтайды

(19:09) Гүлнар: Жұмыс істеп жатырмын

(19:09) Бишімбаев: Хабарласайын?

(19:09) Гүлнар: Ок

(19:24) Бишімбаев: Есі сау ма?

Гүлнар: Сау

Судья Айжан Құлбаева Бишімбаевтан бұл хаттар мен қойған сұрағын түсіндіруін сұрады.

«Тамыр соғысын таппаған кезде жазған болармын. Оған жаздым, хабарластым. Басқа жұмыс істеп жатқанын, бос емес екенін айтты. Сол себепті көп хабарласқанмын», - деді Бишімбаев.

Айта кетейік, Бишімбаев 9 қараша күні кешкі уақытта көріпкелге 6 рет хабарласқан.

9 қараша Бишімбаев Гүлнар Насырбековаға да хат жазған. Насырбекова экс-министрге фото жолдаған.

9 қараша 19:07-де Бишімбаев телефонында «Юлия супер» деп сақталған адамға да хабарлама жазған. Экс-министр мұның жеке әңгіме екенін айтып, оқымауды сұрады. Екеуара әңгіме 19:07-де басталып, 19:36-да аяқталған.

Прокурор бұл уақыттың іске қатысы бар екенін алға тартып, хабарламаны оқуды сұрады.

(19:07) Бишімбаев: Қалың қалай?

(19:10) «Юлия супер»: Сәлем, бәрі жақсы. Өзің қалайсың?

(19:24) Бишімбаев: Не істеп жатырсың? Боссың ба?

(19:36) «Юлия супер»: Кірпік жасап жатқанмын

(19:36) «Юлия супер»: (Боссың ба? деген сұраққа жауап берген) Нешеде?

САЛТАНАТ НҮКЕНОВАНЫҢ ҚАЗАСЫ

2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды. 

Сот басталған кезде сотталушы Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Экс-министрдің соттағы жауабын мына жерден оқуға болады.

Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат Нүкенова және оның құрбысы үшінеуі «Қазақстан» орталық концерт залына концертке барған. Сол жерде екеуінің арасында жанжал шығып, концерт аяқталмастан шығып кеткен. Артынша BAU мейрамханасына келіп, бірнеше сағат бойы әңгімелескен.

8 сәуірде Астана қаласы көшпелі бригада дәрігері Нұрлан Мұхамбеденов сот залына келіп, тараптардың сұрағына жауап берді.

9 сәуірдегі сот отырысына қылмыстық іс бойынша куәгер Данияр Мейірбеков қатысты. Сол күні Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров қатысты. Сарапшы манекеннің басына қызыл және көк түсті қаламмен бірнеше жарақаттың орнын салып көрсетті.

10 сәуірдегі сот отырысында қылмыстық іс бойынша куәгер Аида Ахмедина қатысты. Прокурор Айжан Аймағанова сот барысында Ахмедина мен марқұм Салтанат Нүкенованың бір-біріне жазған хаттарын оқыды. Содан кейін іс бойынша куәгерлерден жауап алу аяқталды.

11 сәуірдегі сот отырысында Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов судья Айжан Құлжанованы ауыстыруды сұрады. Алайда судья істі қарауды жалғастырды. Сол күні 11 сәуірде айыпталушы Бақытжан Байжановтан жауап алынды. Ол сот барысында өзінің туысы Қуандық Бишімбаев тарапынан қысым көріп жатқанын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама