×

Сотта Нүкенованың құрбысына жазған хаттары оқылды

Марқұмның құрбысы Аида Ахмедина сотқа екінші рет шақырылды

 Айгерім Таубай 17.04.2024 | 17:10
Фото: Астана соты баспасөз қызметі

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 17 сәуірдегі сот отырысында қылмыстық іс бойынша куәгер – Нүкенованың құрбысы Аида Ахмедина екінші рет қатысты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ахмедина бұған дейін марқұм Салтанат Нүкенова екеуінің бір-біріне жазған хаттарын оқыған еді. Бұл жолы да Нүкенова жазған хаттардың бір бөлігін оқып берді.

Нүкенова хаттарында Қуандық Бишімбаев туралы айтқан.

Салтанат Нүкенова: Енді білмеймін, мен кетсем, ол сосын «қайырымсыз, мені таптап кетті» деп ойлайтын болады. Кейде өзін сау адам сияқты ұстайды. Шатасып кеттім, онымен бірге тұра алмаймын, жалғыз болғым келеді. Бұл емделмейді, бұл адамдар ешқашан емделмейді. Олар психологқа өздерінің қандай керемет адам екенін айтуға барады, бірақ бәрі ақымақ. Менің екінші рет кетіп қалғаныммен бәрі бітті, оралуға болмайды. Мен кешіргенше бәрін істеуге дайын, кейін мазақ қылып, кек алады. Психотерапиядан өтті, Алматыға барып келдік, психологына екі айда 10 мың доллар берді. Таиландта жүрген мәскеуліктер екен. Бірақ нәтижесі нөл. Ештеңе өзгеріп жатқан жоқ. Ол маған ұйқы бермейді, өзі түнде ұйықтамайды. Түнде мен де ұйықтамаймын.

Аида Ахмедина: Сен ұйықтап жатқанда сені айналып жүре ме сонда?

Салтанат Нүкенова: Ол үнемі паранойя күйде жүреді. Менімен сөйлесіп отырып бірдеңе сұрайды, тыңдамасам ашуланады, айғайлайды. Оған екі күн бойы ұйықтамағанымды, ұйықтағым келетінін түсіндіремін. Ол сосын «маған пысқырғаның бар» дейді. Шынымды айтсам, оған жаным ашиды. Ол жаралы және ауру. Оған көмектесуге тырыстым, бірақ солай өзімді құртамын.

Аида Ахмедина: Әрине

Салтанат Нүкенова: Мен өзімді ойлауым керек. Бала тууға қорқамын, некені тіркегім келмейді.

Аида Ахмедина: Бұрынғы әйелімен де солай болған ба?

Салтанат Нүкенова: Иә, бірақ ол кезде таңнан кешке дейін көп жұмыс істеген. Ал қазір 24/7 менің жанымда. Шаршадым, одан басқа ешкіммен араласпаймын. Ол әр қадамымды бақылайды.

САЛТАНАТ НҮКЕНОВАНЫҢ ҚАЗАСЫ

2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды. 

Сот басталған кезде сотталушы Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Экс-министрдің соттағы жауабын мына жерден оқуға болады.

Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат Нүкенова және оның құрбысы үшінеуі «Қазақстан» орталық концерт залына концертке барған. Сол жерде екеуінің арасында жанжал шығып, концерт аяқталмастан шығып кеткен. Артынша BAU мейрамханасына келіп, бірнеше сағат бойы әңгімелескен.

8 сәуірде Астана қаласы көшпелі бригада дәрігері Нұрлан Мұхамбеденов сот залына келіп, тараптардың сұрағына жауап берді.

9 сәуірдегі сот отырысына қылмыстық іс бойынша куәгер Данияр Мейірбеков қатысты. Сол күні Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров қатысты. Сарапшы манекеннің басына қызыл және көк түсті қаламмен бірнеше жарақаттың орнын салып көрсетті.

10 сәуірдегі сот отырысында қылмыстық іс бойынша куәгер Аида Ахмедина қатысты. Прокурор Айжан Аймағанова сот барысында Ахмедина мен марқұм Салтанат Нүкенованың бір-біріне жазған хаттарын оқыды. Содан кейін іс бойынша куәгерлерден жауап алу аяқталды.

11 сәуірдегі сот отырысында Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов судья Айжан Құлжанованы ауыстыруды сұрады. Алайда судья істі қарауды жалғастырды. Сол күні 11 сәуірде айыпталушы Бақытжан Байжановтан жауап алынды. Ол сот барысында өзінің туысы Қуандық Бишімбаев тарапынан қысым көріп жатқанын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама