×

Арыстанбек Мұхамедиұлына түпкілікті сот үкімі шықты

Бұған дейін экс-министр 8 және 11 жылға сотталған еді

 Айгерім Таубай 29.02.2024 | 18:02
Фото: Halyq Uni

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сот үкімімен экс-министр 11 жылға сотталды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Елордадағы «Дипломат» қонақүйі және Ұлттық музейге қатысты қылмыстық іс бойынша сотталушылар қатарында 7 адам бар. 

2023 жылдың қыркүйегінде Арыстанбек Мұхамедиұлы елордадағы «Дипломат» қонақүйін рейдерлік жолмен алды деген күдікпен қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды.

Тергеу мәліметіне сәйкес, 2019 жылы Арыстанбек Мұхамедиұлына елордадағы «Дипломат» қонақүйінің иесі, кәсіпкер К. жүгінген. Экс-министр оған 2,5 млрд теңге беруге келісіп, оның орнына қонақүйдің жарғылық капиталының 71%-ын енесінің атына жазып беруді ұсынған. Осылайша ол қонақүйді толық иемденіп алмақ болған.

11 желтоқсанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаевтың қаулысымын «Дипломат» қонақүйі мен Ұлттық музейге қатысты тағы бір іс біріктірілген еді.

23 ақпанда прокурор Олжас Хайруллаев Арыстанбек Мұхамедиұлын қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі (қылмысты ұйымдастыру), 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша кінәлі деп танып, 8 жыл 1 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) бойынша мүлкін тәркілемей, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды сұрады.

Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі – 249-бабы 1-бөлігі (рейдерлiк әрекетке дайындалу және қылмысқа оқталу) бойынша мүлкін тәркілемей, 2 жылға коммерциялық ұйымдарда әкімшілік-шаруашылық қызметпен айналысу құқығынан айырып, 3 жыл 9 ай бас бостандығынан айыруды сұрады.

Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі – 250-бабы 1-бөлігі (өкiлеттiктердi терiс пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастыру) бойынша 4 жылға соттауды сұрады.

Қылмыстық кодекстің 58-бабы 6-бөлігі негізінде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылдың 13 ақпандағы үкіміндегі жазаны ішінара қосу арқылы қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша Арыстанбек Мұхамедиұлын мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырып, 12 жылға бас бостандығынан айырылсын, - деді прокурор.

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ ІСІ

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2023 жылдың 20 маусымында 8 жылға сотталды. Араға екі апта салып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министрдің әйелі пара беруге оқталғанын анықтаған. Ал олардың мүддесін қорғаған адвокат Мұстақым Төлеев алаяқтық пен пара беруге итермелеу әрекетін жасады деген күдікке ілінді.

Ол Арыстанбек Мұхамедиұлының жазасын жеңілдету және қамаудан босату үшін экс-министрдің әйелінен сот органдарының лауазымды адамдарына беру үшін пара ретінде 460 мың доллар алған.

2024 жылдың қаңтарында қылмыстық іс сотқа түсті. Арыстанбек Мұхамедиұлы қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа оқталу) – 367-бабы 4-бөлігі (пара беру) бойынша күдікке ілінген. Әйелі Ғалия Ысқақова 368-баптың 1-бөлігі (парақорлыққа делдал болу), Мұстақым Төлеев 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша сотқа тартылған.

2024 жылдың 13 ақпанында Арыстанбек Мұхамедиұлы мен әйелі Ғалия Ысқақоваға сот үкімі сот үкімі шықты.

Қылмыстық іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

Сот үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ғалия Ысқақова парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынып, 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Мұстақым Төлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама