×

Арыстанбек Мұхамедиұлы мен әйеліне сот үкімі шықты

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ

 Айгерім Таубай 13.02.2024 | 16:44
Фото: Halyq Uni

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның әйеліне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қылмыстық іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

Сот үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ғалия Ысқақова парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынып, 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Мұстақым Төлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ ІСІ

Бұған дейін Арыстанбек Мұхамедиұлы 2023 жылдың 20 маусымында 8 жылға сотталды. Араға екі апта салып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министрдің әйелі пара беруге оқталғанын анықтаған. Ал олардың мүддесін қорғаған адвокат Мұстақым Төлеев алаяқтық пен пара беруге итермелеу әрекетін жасады деген күдікке ілінді.

Ол Арыстанбек Мұхамедиұлының жазасын жеңілдету және қамаудан босату үшін экс-министрдің әйелінен сот органдарының лауазымды адамдарына беру үшін пара ретінде 460 мың доллар алған.

2024 жылдың қаңтарында қылмыстық іс сотқа түсті. Арыстанбек Мұхамедиұлы қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа оқталу) – 367-бабы 4-бөлігі (пара беру) бойынша күдікке ілінген. Әйелі Ғалия Ысқақова 368-баптың 1-бөлігі (парақорлыққа делдал болу), Мұстақым Төлеев 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша сотқа тартылған.

Одан бөлек 2023 жылдың қыркүйегінде Арыстанбек Мұхамедиұлы елордадағы «Дипломат» қонақүйін рейдерлік жолмен алды деген күдікпен қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды.

Тергеу мәліметіне сәйкес, 2019 жылы Арыстанбек Мұхамедиұлына елордадағы «Дипломат» қонақүйінің иесі, кәсіпкер К. жүгінген. Экс-министр оған 2,5 млрд теңге беруге келісіп, оның орнына қонақүйдің жарғылық капиталының 71%-ын енесінің атына жазып беруді ұсынған. Осылайша ол қонақүйді толық иемденіп алмақ болған.

11 желтоқсанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаевтың қаулысымын «Дипломат» қонақүйі мен Ұлттық музейге қатысты тағы бір іс біріктірілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама