×

Алматыда жатақхана мәселесі қашан толық шешіледі?

Қалада жатақхана салу бойынша жобалық кеңсе іске қосылған

 Айгерім Таубай 21.12.2023 | 14:30
Фото: SDU

Алматыда студенттерге арналға жатақханадағы орын тапшылығы 2030 жылға қарай толық шешіледі. Бұл туралы қала әкімі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Айтуынша, қалада жатақхана салу бойынша жұмысты тиімді үйлестіру үшін Жобалық кеңсе іске қосылған. Жобаны қолдауға 114 инвестор жүгінген.

Қазір 42 452 орынға арналған 47 жоба бар, оның ішінде 33 нысан 38 740 орынға арналған жаңа жатақханалар салуды, 15 нысан 3 712 төсек-орынға арналған жатақханалар ретінде бар нысандарды қайта жаңартуды көздейді. Қалған 67 инвестордың жобалары бойынша жер учаскелерін іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Ерболат Досаев.

Алматының 23 жатақханасында 3,8 мыңға жуық студент тұрады. 2025 жылдың соңына дейін қалада 12 мың орын, ал 2030 жылдың соңына дейін тағы 20 мың орын құрылады, бұл жатақхана тапшылығы мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Білім туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес 1 қыркүйектен бастап студенттерге тұрғын үй беру және оларды жатақханалармен қамтамасыз ету бойынша талаптар күшейтілді. Енді жоғары оқу орындары осы шартты сақтамаса, олар лицензиясынан айырылады және білім беру қызметін жүзеге асыра алмайды.

ХОСТЕЛДЕГІ ӨРТ

Алматыда 30 қарашада Әди Шәріпов көшесіндегі үш қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында және жертөлесінде орнанасқан хостел өртеніп, 13 адам көз жұмған. Сондай-ақ хостелден 59 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматы қаласындағы хостелде болған өрттің себептерін тексеру және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.

Алматы қаласының ТЖД осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабына сәйкес қылмыстық істің тіркелгенін хабарлады

Хостелдің үш қабатты тұрғын үйдің 1-қабатында және жертөлесінде заңсыз орналасқаны анықталды. Хостелдің ешқандай санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамай, жалға беріліп келгені анықталды. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, ел бойынша 104 жоғары оқу орынындағы жатақханалардың саны – 381. Олар 108 527 студентке лайықталған, оның ішінде 23 337 төсек-орын жалға алынған.

Алайда қайғылы жағдай болған хостел бұл тізімге кірмейді.

Қазір Астанада 3 оқу орны 5 хостелмен келісімшарт жасасқан. Қала бойынша 277 студент хостелде тұрып жатыр.

Алматыда 16 ЖОО 64 хостелмен келіскен. Ол жерде 3 964 студент тұрады.

Бұл қатарда Ақтөбе облысы да бар. Бір оқу орны 6 хостелмен келісіп, қазір 570 студентті хостелге орналастырған.

Шымкент қаласында бір оқу орны бір хостелге 30 студентті орналастырды.

Ақмола облысында бір ЖОО 3 хостелмен келіскен, ол жерде 190 студент тұрып жатыр.

Министрлік студенттерді жатақханамен қамтуға жоғары оқу орны жауапты екенін алға тартып отыр. Бұл ретте жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына академиялық және басқарушылық дербестігі берілгеніне сүйенді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама