×

Алматыда 4 мың студент хостел жағалап жүр: Үкіметтің талабын Астана мен Ақмола облысы ғана орындаған

Қаладағы хостелде 13 адам қаза тапты, оның үшеуі – студент 

 Айгерім Таубай 19.12.2023 | 12:42
Фото: SDU

Алматыда қарашада хостелдердің бірінде 13 адам қаза тапты. Оның үшеуі – студент. Бір студент колледжде білім алса, екеуі жоғары оқу орнында оқып жүрген.

Halyq Uni министрліктерге ресми сауал жолдап, қайтыс болған студенттердің не себепті хостелді паналағанын сұрады.

АСТАНА МЕН АҚМОЛА ҒАНА ХОСТЕЛГЕ КОНКУРС ӨТКІЗЕДІ

Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, Алматы қаласында студенттер хостелдерде өз бетінше орналасқан. Себебі қалада колледж студенттеріне жатақханада орын жетпейді.

Ел бойынша 772 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 531 мың студент білім алып жатыр. Ішінде 51 мыңнан астам студент 553 (389 мемлекеттік, 164 жеке меншік) жатақханаға орналасқан. Қазір 7 мыңнан аса студентке жатақханадан орын қажет. Оның басым бөлігі Астана, Алматы, қалаларында және Ақмола, Cолтүстік-Қазақстан, Алматы облыстарында.

Министрлік оқу жылы басталған кезде студенттерді жатақханаға орналастыру мәселесіне назар аудара бастаған еді. Ресми ақпарат бойынша, Астана, Алматы қалалары мен Ақмола облысында жатақханалардағы орын тапшылығына байланысты 14 колледждің 965 студенті 14 хостелде тұрады.

Астана қаласында 7 колледжден 868 студент; Алматы қаласында 6 жекеменшік колледжден 77 студент; Ақмола облысында 1 жекеменшік колледжден 20 студент.

Студенттерді хостелге орналастыру үшін тек Астана мен Ақмола облысында колледждер арнайы конкурс өткізеді. Бұл ретте нысанның қауіпсіздік нормалары талаптарына сай-сай емес екеніне қарайды.

Бір студенттің хостелде тұрғаны үшін төлем жергілікті бюджеттен 22 мың теңге сомасында өтеледі, студент өз қаражатынан қосымша 1 мың теңгеден 5 мың теңгеге дейін төлейді, - деп хабарлады министрлік.

Ал Алматыда қаза тапқан студент хостелге өз бетінше орналасқан. Министрлік қайғылы жағдайдан кейін ғана Алматының Білім басқармасына елорданың хостелге орналастыру тәжірибесін қолдануын тапсырған.

«Студенттер хостелдерде тұрып жатқан өңірлердің білім басқармалары жатақханалардың санитарлық, өртке қарсы қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне мониторинг жүргізу жұмыстарын бастады», - деп хабарлады ведомство.

АЛМАТЫДА 4 МЫҢ СТУДЕНТ ХОСТЕЛДЕ ТҰРАДЫ

Қайғылы жағдайдан қайтыс болғандардың арасында Каспий қоғамдық университетінің және Еуразия технологиялық университетінің студенті болған.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, ел бойынша 104 жоғары оқу орынындағы жатақханалардың саны – 381. Олар 108 527 студентке лайықталған, оның ішінде 23 337 төсек-орын жалға алынған.

Алайда қайғылы жағдай болған хостел бұл тізімге кірмейді.

Қазір Астанада 3 оқу орны 5 хостелмен келісімшарт жасасқан. Қала бойынша 277 студент хостелде тұрып жатыр.

Алматыда 16 ЖОО 64 хостелмен келіскен. Ол жерде 3 964 студент тұрады.

Бұл қатарда Ақтөбе облысы да бар. Бір оқу орны 6 хостелмен келісіп, қазір 570 студентті хостелге орналастырған.

Шымкент қаласында бір оқу орны бір хостелге 30 студентті орналастырды.

Ақмола облысында бір ЖОО 3 хостелмен келіскен, ол жерде 190 студент тұрып жатыр.

Министрлік студенттерді жатақханамен қамтуға жоғары оқу орны жауапты екенін алға тартып отыр. Бұл ретте жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына академиялық және басқарушылық дербестігі берілгеніне сүйенді.

Жатақханаларда орын тапшылығы болған жағдайда жоғары оқу орындары хостелдермен меморандумдар жасайды, - деп хабарлады министрлік.

ҚАНША ЖАТАҚХАНА САЛЫНЫП ЖАТЫР?

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2023 жылы колледж студенттері үшін 2 656 орынға лайықталған 13 жатақхананы іске қосу жоспарланған. Оның ішінде 2 356 орынға арналған 12 жатақхана қолданысқа берілді.

  • Маңғыстау облысында – 500 орындық 1 жатақхана;
  • Жетісуда – 130 орындық 2 жатақхана;
  • ШҚО – 244 орындық 1 жатақхана;
  • Алматы қаласында – 360 орындық 2 жатақхана;
  • Жамбыл облысында – 399 орындық 2 жатақхана;
  • Қызылорда облысында – 77 орындық 1 жатақхана;
  • Түркістан облысында – 196 орындық  1 жатақхана;
  • Ақмола – 300 орындық 1 жатақхана;
  • Шымкент қаласында – 1 жатақхана.

Ақмола облысында 300 орынға арналған жатақхананы 2023 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған.

Ал колледж студенттері тұратын жатақханаларды жергілікті әкімдік тексеруге тиіс.

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2018-2022 жылдары 40 662 орындық 168 жатақхана іске қосылғанын хабарлады. Оның ішінде жоғары оқу орындары студенттері үшін 26 390 орындық 99 жатақхана, колледж студенттері үшін 14 272 орынға арналған 69 жатақхана ашылған.

2023 жылға 10 367 орындық 43 жатақхананы іске қосу жоспарланған.

Желтоқсанға дейін 6 962 орындық 33 жатақхана іске қосылды. Олар:

  • Ақтөбе облысында – 168 орындық 1 жатақхана;
  • Алматы облысында – 226 орындық 2 жатақхана;
  • ШҚО – 244 орындық 1 жатақхана;
  • Алматы қаласында – 1 181 орындық 7 жатақхана;
  • Шымкент қаласында – 1 343 орындық 4 жатақхана;
  • Астана – 754 орындық 7 жатақхана;
  • Жамбыл облысында – 399 орындық 2 жатақхана;
  • Жетісу облысында – 130 орындық 2 жатақхана;
  • БҚО – 600 орындық 1 жатақхана;
  • Қарағанды облысында – 400 орындық 1 жатақхана;
  • Қызылорда облысында – 77 орындық 1 жатақхана;
  • Маңғыстау облысында – 1 000 орындық 2 жатақхана;
  • СҚО – 244 орындық 1 жатақхана;

Түркістан облысында – 196 орындық 1 жатақхана.

Жыл соңына дейін 3 405 орындық тағы 10 жатақхананы іске қосу жоспарланған.

ХОСТЕЛДЕГІ ӨРТ

Алматыда 30 қарашада Әди Шәріпов көшесіндегі үш қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында және жертөлесінде орнанасқан хостел өртеніп, 13 адам көз жұмған. Сондай-ақ хостелден 59 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматы қаласындағы хостелде болған өрттің себептерін тексеру және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.

Алматы қаласының ТЖД осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабына сәйкес қылмыстық істің тіркелгенін хабарлады

Хостелдің үш қабатты тұрғын үйдің 1-қабатында және жертөлесінде заңсыз орналасқаны анықталды. Хостелдің ешқандай санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамай, жалға беріліп келгені анықталды. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады.

Қаза тапқан Қазақстан азаматтарының туыстары 1 млн теңге көлемінде материалдық көмек алады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан Halyq Uni тілшісіне жаңа оқу жылында 24 мыңға жуық студент жатақханадан орын таба алмай жүргенін мәлімдеді.

Айтуынша, елімізде 600 мыңнан аса студент бар. Ішінде 124 мың студент жатақханадан орын сұраған. Жауапты ведомство 106 мың адамға орын тауып берді. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама