×

Серік Күдебаевтың түрмедегі суреті: Сенат заңды күшейтуге дайын

Мәулен Әшімбаев қылмыстық-атқару жүйесінде біраз проблема бар екенін ашық айтты

 Дәурен Ерболат 07.09.2023 | 12:32
фото: Instagram/taldykorgan.insta_

Жуырда әлеуметтік желіде Алматы облысы полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаевтың фотосы жарияланды. Суретте ол бір топ адаммен аста-төк дастархан басында отыр.

Серік Күдебаевтың түрмедегі суретінен кейін тексеріс басталды. Түрмеге дайын азық-түлікті сотталғандардың туыстары алып келгені анықталды, тексеріс кезінде алкоголь табылмаған.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Өскемен түрмесінде жазасын өтеп жатқан Серік Күдебаевтың суретіне қатысты пікірін айтты.  

Журналистер «Серік Күдебаев және өзге сотталғандар түрмеде дастархан жайып, тойда отырғандай суретке түскен. Бұл оқиға түрмеге смартфон емін-еркін кіргізіліп жатыр дегенді білдіре ме?» деген сұрақ қойды.

Мәулен Әшімбаев қылмыстық-атқару жүйесінде біраз проблема бар екенін ашық айтты.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті бар және бұл комитет құқық қорғау органдарымен тығыз байланысты жұмыс істеп жатыр. Аталған комитет құрамындағы депутаттар Үкімет мүшелерін шақырып, бұл мәселеге қатысты талдау жасаймыз. Қылмыстық-атқару жүйесінде проблемалардың бар екенін мойындауымыз керек, - деді ол.

Сондай-ақ Сенат спикері Ақмола облысында түрмедегі азаптау оқиғасына қатысты пікір білдірді. Бұған дейін 3 қыркүйекте әлеуметтік желіде Атбасар ауданындағы №1 түзеу мекемесінің қызметкерлері сотталғандарға күш қолданғаны туралы видео тараған еді.

«Осы оқиға бойынша тиісті тергеу жүргізіліп, жауаптылардың барлығы заң аясында жазаға тартылады. Оған еш күмән болмауға тиіс. Бұл мәселелерді ескеріп, Қылмыстық кодексті тағы қарап шығамыз. Сондықтан қажет болған жағдайда, тиісті нормаларды пысықтауға дайынбыз. Жалпы, мұндай жағдайларды болдырмау үшін құқық қорғау органдары тиісті іс-шараларды жүзеге асыруы керек», - деді Мәулен Әшімбаев.

Еске салайық, Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұрынғы генерал-майорға қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылды.

Серік Күдебаевқа сот үкімі 10 наурызда шығуға тиіс еді. Алайда оның ауруханаға түскені хабарланды. Содан кейін сот процесі бірнеше рет кейінге қалды. Содан кейін 3 сәуірде Талдықорғанда өткен сот отырысында прокурор Серік Күдебаевтың қылмыстық ісін тоқтатып, оған халықаралық іздеу жариялауды сұрады.

ҰҚК Шекара қызметі 27 наурызда Серік Күдебаевтың Қазақстаннан кеткенін білген. Оны іздестіруге Ұлттық қауіпсіздік қызметінің 300 қызметкері жұмылдырылған. 27 сәуірде Бас прокурор Берік Асылов Күдебаевтың ұсталғанын растады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама