×

Серікзат Дүйсенғазының ұлының ісі: сот үкімі шықты

Айтуынша, үш жарым айға созылған «Елікті парк» соты оң нәтижемен аяқталған.

 Халық үні 02.05.2024 | 21:50
Фото: orda.kz

Белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы шаңғы базасында қайтыс болған ұлының өліміне қатысты сот процесі қалай аяқталғанын айтып, жазба жариялады.

Айтуынша, үш жарым айға созылған «Елікті парк» соты оң нәтижемен аяқталған.

«Үш жарым айға созылған «Елікті парк» соты бүгін аяқталды. Ақмола облысы, Зеренді аудандық сотының судьясы Аида Каримова төрағалық еткен сот процесі жәбірленуші тараптың талабын оң нәтижеге шешті. «Елікті парктың» иесі сотталған жоқ. Оның жиені сотталды. Себебі, сол уақытта оның бизнесі уақытша сол жиенінің атына жазылған екен. Сот Әлихан сырғанаған күні де, одан бір апта кейін зардап шеккен Динара Муксулова мен Бірімжановалар сырғанаған уақытта да ешқандай қауіпсіздік ережелері сақталмағанын дәлелдеп, сотталушыға қауіпсіздігі ең төмен колонияға төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды», -деп жазды ол.

Ақынның айтуынша, жәбірленуші тарап баласын сотталушы тарап ұйымдасқан түрде тауда бір жарым сағат тығып тастағанын дәлелдей алмаған.

«Себебі, тауда баламның жатқанын көрген куәгерлердің сөздері әртүрлі шықты. Көбі бір-бірін танитын адамдар ғой. Камера болмаған соң дәлелдеу қиын екен. Оның үстіне сотталушы тараптың жалдап алған екі адвокаты да әккі, заң саласынан білімдері терең жігіттер екен. Еш дәлелдері жоқ болса да әр сотта «бүйректен сирақ шығарып-ақ» бақты. Сот моральдық шығынымызды ішінара қанағаттандырғанымен, материалдық шығынымызды қанағаттандырмады. Оның барлығына чек керек екен. Өзіміз азан-қазан болып жатқанда кім чек жинап жүреді? Адам өлімінің өзі дәлел емес пе? Біздің заңдарымыздың да қызық жері көп екеніне көз жетті. Енді он бес күннің ішінде екі тарапқа да аппеляциялық сотқа беруге мүмкіндік бар», - дейді ол.

Айтыскер ақын ұлының ісінің сотқа жетуін  халықтың арқасы деп білетінін айтады.
«Ел Бишімбаевтың тағдырын талқылап жатқанда, біз өз сотымыздың соңы қалай болар екен деп қалтырап жаттық. Дәл менің Әлиханым сияқты талай бала осындай шаңғы базаларында қайтыс болған. Сот біткенше барлығының аманаты мойнымда жүргендей күй кештім. Солардың арасында Әлиханның ісі ғана сотқа дейін жетті. Оған бізді қолдаған қалың қазағымның үлесі бар деп ойлаймын», - деп аяқтады сөзін Серікзат Дүйенғазин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама