×

Қарағандыдағы бала өлімі: қызметінен шеттетілген 10 дәрігер жұмысына қайта кірісті

Бөлім меңгерушісі мен психиатр дәрігер жұмыстан шеттетілген

 Дәурен Ерболат 10.08.2023 | 14:35
фото: gov.kz

31 шілдеде Қарағанды облыстық балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 14 баланың уланғаны хабарланды. Өкінішке қарай, бір бала қайтыс болды. Сол уақытта арнайы комиссия құрылып, медициналық-әлеуметтік мекемедегі  12 қызметкерді белгілі бір мерзімге жұмысынан шеттету туралы шешім қабылданды.

Балалардың жаппай улану оқиғасынан кейін қызметінен шеттетілген Қарағанды облысының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының 10 дәрігері бүгінде жұмысына қайта кіріскен. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты.

Вице-министрдің айтуынша, кеше комиссияның шешімімен аталған медициналық-әлеуметтік мекемедегі 10 медицина қызметкері өзінің жұмысына қайта кірісті. Қалған екі медицина қызметкері, яғни бөлім меңгерушісі мен психиатр дәрігер жұмыстан шеттетілген.

Уланған алты бала әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Қазір жансақтау бөлімінде жатқан алты баланың төртеуінің жағдайы – ауыр, қалған екеуінің жағдайы өте ауыр.

Бұған дейін облыстық клиника бөлімшесіне түскен тағы жеті баланың жағдайы жақсарып, ауруханадан шығарылды.

Еске салайық, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауруханаға түскен 14 баланың тамақтан уланбағаны анықталғанын мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама