×

Кей мектепте 500 баладан оқиды: елімізде апатты жағдайдағы мектептер саны тағы көбейді

Оқу жылы басталған кезде республика бойынша 33 мектеп апатты жағдайда тұрды

 Айгерім Таубай 13.06.2023 | 11:21
коллаж: Halyq Uni

Елімізде тоғыз айдың ішінде апатты жағдайда тұрған мектептер саны 24-ке артты, деп хабарлайды Halyq Uni.

2022-2023 оқу жылы басталған кезде елімізде 33 мектептің апатты жағдайда тұрғаны айтылды. Ал 1 маусымдағы жағдай бойынша олардың саны 57-ге жеткен.

Жыл басында оқушыларды қабылдаған 7 670 мектептің ішінде Ақмола облысында – 2 мектеп, Ақтөбе облысында – 4, Атырау облысында – 4, Батыс Қазақстан облысында – 6, Қарағанды облысында – 3, Маңғыстау облысында – 2, Солтүстік Қазақстан облысында – 3, Түркістан облысында – 4, Алматы қаласында бір мектеп апатты жағдайда тұрды.

Оқу жылы ішінде Ақтөбе облысында тағы 3 мектеп, Батыс Қазақстан облысында 6 мектеп апатты жағдайдағы мектеп қатарына қосылған.

Осылайша, қазір ел бойынша 54 мектеп апатты жағдайда тұр. Олар Ақмола облысы – 2, Ақтөбе облысы – 7, Атырау облысы – 5, Батыс Қазақстан облысы – 12, Қарағанды облысы – 2, Қызылорда облысы – 7, Маңғыстау облысы – 2, Абай облысы – 2, Жетісу облысы – 1, Ұлытау облысы – 1, Павлодар облысы – 3, Солтүстік Қазақстан облысы – 4, Түркістан облысы – 8, Алматы қаласы – 1 мектеп бар.

Алайда Оқу-ағарту министрлігі биылғы оқу жылында қанша баланың апатты жағдайдағы мектепте оқығанына жауап бермеді. Тек апатты жағдайда тұрған мектептерге жөндеу жұмыстары жүргізілмейтінін, оның орнына жаңа мектеп салынуға тиіс екенін айтқан.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі 2022 жылдың күзінде апатты жағдайдағы 3 мектептің құрылысы жүріп жатқанын айтып, оны жылдың соңына дейін пайдалануға берілетінін хабарлаған. Ал қалған 3 мектептің (бастапқыда өңірде 6 мектеп тізімде болған) құрылысы 2023 жылға жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ апатты жағдайдағы мектептерде 1 774 оқушының білім алып жатты. Бұл – былтырғы көрсеткіш. Бір облыста апатты мектептердің саны екі есе артқанына байланысты құлағалы тұрған мектепте оқитын оқушы саны да артқан болуы мүмкін.

Ал Қарағанды облысында Бұхар жырау ауданы Новостройка ауданындағы және Қарқаралы ауданының Талды ауылындағы апатты жағдайдағы мектепте 245 бала білім алғаны белгілі. Қала әкімдігі былтыр күзде жаңа мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаты әзірленгенін, құрылысты бастауға конкурс жүргізіліп, мердігердің анықталғанын хабарлады.

Жыл басында Түркістан облысында 4 мектеп апатты жағдайда тұрды. 9 айдың ішінде бұл қатарға тағы 4 мектеп қосылды. Алайда облыс әкімдігі өңірде бар мектептердің мәселесін 2023 жылы түгел шешеміз деп хабарлаған. Ал облыстағы апатты жағдайдағы әр мектепте 300 баладан 560 балаға дейін білім алып жатыр.

Айта кетейік, 2023 жылы жалпы 3,7 миллионнан аса оқушы мектеп бітірді. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама