×

Қарағанды облысында екі ауылдың балалары апатты жағдайдағы мектепте оқып жатыр

Облыс бойынша мектептерге 200-ден астам педагог қажет

 Айгерім Таубай 13.09.2022 | 09:01
Коллаж: Халық үні

Қарағанды облысында 250-ге жуық бала апатты жағдайдағы мектепте оқып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыстың білім басқармасының хабарлауынша, облыста 2022-2023 оқу жылында 420 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 408 мемлекеттік және 11 жекеменшік мектеп бар.

Жаңа оқу жылында 171 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр, 169 444 бала мемлекеттік мектепте, 1 769 оқушы жекеменшік мектепте оқиды.

Қарағанды облысында апатты жағдайда тұрған екі мектеп бар. Олар – Бұхар жырау ауданы Новостройка ауданындағы және Қарқаралы ауданының Талды ауылындағы мектеп. Қазір бұл екі мектепте 245 бала білім алып жатыр, - деп хабарлады басқарма.

Апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу үшін қазір жаңа мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаты әзірленген. Басқарма ақпаратына сәйкес, құрылысты бастауға конкурс жүргізіліп, бас мердігер анықталды.

Басқарманың хабарлауынша, облыс мектептерінде дәретханалар ғимарат ішінде орналасқан.

«Қазір облыста ауладағы дәретханалар мәселесі толығымен шешілген. Облыстағы барлық білім беру ұйымдарында жылы дәретханалар орнатылған», - деп хабарлады басқарма.

Сондай-ақ облыста мұғалімдерге 200-ден астам бос орын бар.

Биылдан бастап білім беру ұйымдарына педагоготер оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес конкурс арқылы қабылданады. 2021-2022 оқу жылының аяғында мектептерге 728 педагог қажет болды. Қазірге дейін 500-дей маман жұмысқа қабылданды. Бос орындарға конкурс жалғасып жатыр, - деп хабарлады білім басқармасы.

Сондай-ақ 2021 жылы мектептерде педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Мамандар ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылардың мектепке тез үйреніп кетуіне көмектеседі. Қарағанды облысының жалпы білім беретін мектептерінде 142 педагог-ассистент жұмыс істейді. Оның ішінде 27 маман ауылдық жерлерде ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істейді.

Облыстың білім басқармасынан мектептердің компьютерлік техникамен қанша пайыз қамтылғаны нақтыланды.

«Қашықтан оқыту процесін қамтамасыз ету үшін облыстық бюджет есебінен 5 мың компьютерлік техника, демеушілер қаражаты есебінен мыңға жуық техника, республикалық бюджет есебінен 28 058 техника сатып алынған. Олар білім беру ұйымдарына таратылды», - делінген ақпаратта.

Қазір облыс бойынша 52 613 техника бар, компьютер санын оқушыларға шаққанда бір техникаға 3,2-лен келеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама