×

БҚО мектептерінің жай-күйі: 97 білім ордасында спорт залы жоқ, 52 директордың орны бос

Облыста алты мектеп апатты жағдайда тұр, ол жерде 1 800-ге жуық бала оқиды

 Халық үні 14.09.2022 | 15:02
Halyq Uni

Батыс Қазақстан облысы бойынша 52 мектепте директордың орны бос тұр. Бұл туралы білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бұл дерек білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын тексеру кезінде анықталған.

Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, облыстағы бастауыш және шағын жинақталған 97 мектепте спорт залы жоқ.

2022-2023 оқу жылында 382 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 374 мемлекеттік және 6 жекеменшік мектеп, бір Назарбаев зияткерлік мектебі және бір спорт мектебі бар.

БҚО әкімдігі Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында облыс бойынша мектептер компьютермен және интерактивті тақтамен 100% қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Ал департамент ақпараты бойынша компьютердің 29%-ы ескірген. Интерактивті тақтаның 12%-ы жұмыс істемейді.

Мектептерің 70%-ында жаңа модификация кабинеті бар. Мектептердің тең жартысында лаборатория бар, алайда бұл кабинеттердің 64%-ы тозған.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мектепте ішкі және сыртқы бейнебақылау камерасы орнатылған. Алайда ол ішкі істер және білім министрлігінің талабына сай келмейді. Бірқатар мектепте қосымша камера орнатылуға тиіс.

АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА ТҰРҒАН 6 МЕКТЕП БАР

Облыста үш ауысымда білім беретін 10 мектеп бар, 8 мектеп Орал қаласында, бір мектеп Теректі ауданы Подстепное ауылында және бір мектеп Бөрлі ауданы Ақсай қаласында орналасқан.

БҚО әкімдігінің хабарлауынша, апатты жағдайдағы 3 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олар биыл жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі.

Қалған 3 мектептің құрылысы 2023 жылға жоспарланып отыр. Апатты жағдайдағы мектептерде 1 774 оқушы оқып жатыр.

Бұған дейін облыстағы 12 мектептің оқушылары әкімдік ғимараты, интернат пен мәдениет үйлері ғимаратында оқып жатқаны хабарланды.

Бұл мәселе білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің бақылауында болады. Ол жердегі оқу процесінің ұйымдастырылуына бақылау жүргіземіз, - деді Күзембаева.

52 МЕКТЕПТЕ ДИРЕКТОР ОРНЫ БОС ТҰР

Облыстың білім басқармасы мектеп директорын ротациялау бойынша жұмыс жүргізді. Жыл басынан бері 23 мектепке жаңа директор келді.

Ротациялауды ұйымдастыру кезінде хабарлама беру рәсімінің бұзылуы, біліктілік санаты туралы ақпараттың болмауы секілді кемшіліктер анықталды. Конкурсты ұйымдастыру жұмыстарында, оның ішінде хаттама толтыру, бағалау парағын толтыру, балл есептеу бойынша қателік жіберілген, - деді департамент басшысы.

Қазір облыста 52 мектеп директорының орны бос тұр. Бұл мектептер Ақжайық, Жаңақала, Теректі, Казталов, Қаратөбе, Бөкей ордасы аудандарында орналасқан. Қазір директордың міндетін атқару орынбасарға жүктелген.

Әкімдіктің хабарлауынша, облыс мектептеріне 53 мұғалім қажет. Математика пәнінен 18 мұғалім, 12 орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі (қазақ сыныбы), 11 бастауыш сынып мұғалімі (орыс сыныбы), ағылшын тілі пәнінен 5 маман, алғашқы әскери дайындық бойынша екі маман қажет. Сондай-ақ педагог-психолог, дефектолог, логопедке сұраныс бар.

Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама