×

БҚО-да 12 мектептің оқушылары әкімдік пен мәдениет үйі ғимаратында оқып жатыр

Орал қаласында 8 мектеп үш ауысыммен оқиды

 Халық үні 12.09.2022 | 12:47
Фото: ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысында 12 мектептің оқушылары әкімдік ғимараты, интернат пен мәдениет үйлері ғимаратында оқып жатыр. Себебі облыста мектептегі жөндеу жұмыстары 2-3 жылға созылған, деп хабарлайды Halyq Uni.

ҮШ АУЫСЫММЕН ОҚИТЫН 8 МЕКТЕП БАР

Орал қаласындағы 20 шақты мектепке ондаған жыл бойы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Жаңа оқу жылы басында №43 және №7 жалпы орта мектептің ғимаратының сол қанаты апатты жағдайда тұрғаны хабарланды. Бұл туралы Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов қалалық мәслихат депутаттарына есеп беру кездесуінде мәлімдеді.

Орал қаласы әкімінің хабарлауынша, қалада жалпы білім беретін 50 мектеп бар, оның ішінде 20 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Қазір №9, №13, №17, №23 және №32 мектепте жөндеу жұмыстарына байланысты жобалық-сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптама жүргізген. Алайда күрделі жөндеу жұмыстары қашан жасалатыны және оған қанша қаражат бөлінетіні жайлы ақпарат жоқ.

Орал қаласында 8 мектеп үш ауысыммен оқиды. Себебі мектептерде орын жетпейді. Қала тұрғындарының басым бөлігі баласын өзі тұратын аудандағы мектепке бере алмай отыр.

Жергілікті билік орын тапшылығына байланысты жаңа мектептер салу қажет екенінен хабардар. Алайда Орал қаласында 2022 жылы бір де бір мектептің құрылысы басталған жоқ.

12 МЕКТЕП АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУҒА ДАЙЫН БОЛМАЙ ШЫҚТЫ

Батыс Қазақстан облысы бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан 12 мектептің құрылысы аяқталмай, жаңа оқу жылында оқушылар әкімдік ғимараты, интернат пен мәдениет үйлері ғимаратында оқып жатыр.

Себебі Бөкей ордасы ауданындағы Жәңгір хан атындағы орта мектептің күрделі жөндеуі екі жылға созылды. Казталов ауданындағы Жұлдыз, Сарықұдық ауылдарындағы мектептер, Теректі ауданындағы Аңқаты ауылындағы мектеп, Бәйтерек ауданының Щапов ауылындағы мектептердің құрылыстары да 2-3 жылға созылып жатыр.

Облыстық білім басқармасы биыл 19 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінгенін мәлімдеді. Мердігерлерді анықтау үшін конкурс ақпанда басталып, маусымда аяқталған.

Келісімшартқа сәйкес, 19 нысанның тек 5 мектеп оқу жылына дейін аяқталуға тиіс. Күзде 7 нысан, желтоқсанда 5 нысан жөндеуден өтеді. Ал 2023 жылдың ақпанында бір нысан, сәуірінде бір нысан күрделі жөндеуден өтуге тиіс. Бұл тек жобалық-сметалық құжатта көрсетілген уақыт. Іс жүзінде жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып, зардабын оқушылар мен мұғалімдер көріп отыр.

Басқарма мердігерге ескерту жасаған. Ал мердігер мемлекеттік сатып алу процесі ұзаққа созылатынын, сондай-ақ құрылыс материалдары қымбаттағанын алға тартты.

МЕКТЕП САЛУҒА ҚАРАЖАТ ЖОҚ

БҚО-дағы шағын жинақталған мектептердің 90 пайызы жөндеуді не жаңа ғимаратты қажет етеді. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиев мәлімдеді. 60 және 100 балаға арналған шағын жинақталған мектептер саны бойынша БҚО көш басында тұр. Облыста мұндай 215 мектеп бар.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев ҰБТ нәтижесіне қарап, шағын жинақталған мектептердегі білім сапасына көңілі толмайтынын айтты. Әкім 2022 жылдың көктемінде су басқан Шалғын ауылында 60 балаға арналған мектеп салуға 800 миллион теңге қажет екенін, оның орнына сол қаржыға ауыл тұрғындарына Қоскөл ауылында интернаттың жанынан үйлер салуды ұсынған. Себебі Қоскөл ауылындағы мектеп-интернаттың жартысы бос тұр.

«Бала көп мектепте бәсекелестік болады, сәйкесінше білім сапасы жақсарады. Шалғын тұрғындары бұл ұсынысқа келіспеді. Біз шағын жинақталған мектептер саламыз, бірақ осындай мектептерден балалар қандай білім алып шығады?», - деді облыс әкімі. Сондай-ақ білім басқармасына шағын жинақталған мектептердің жұмысына талдау жасауды тапсырды.

Ғали Есқалиевтің айтуынша, 54 балаға арналған бір шағын жинақталған мектепті салу үшін бюджеттен 700 миллион теңге бөлінеді. 108 оқушыға арналған мектеп құрылысына 900 миллион теңге қаржы қажет. Алайда бюджетте мектеп салуға ақша жетпейді.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында 539 елдімекен бар. Оның ішінде 77 елдімекенде мүлде мектеп жоқ. Соған байланысты шағын ауылдардың оқушылары күн сайын көрші ауылға қатынап оқиды.

Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама