×

Түркістан облысында мектептерде қай пән бойынша мұғалім тапшы екені хабарланды

Облыс бойынша 4 мектеп апатты жағдайда тұр

 Айгерім Таубай 12.09.2022 | 17:40
Фото: Halyq Uni

Түркістан облысында 2022-2023 оқу жылында мектептерде орыс сыныбына химия, тарих және физика пәнінен сабақ беретін мұғалімдер жетпейді. Сондай-ақ облыста ағылшын және математика пәнінен сабақ беретін педагогтер қажет, деп хабарлайды Halyq Uni.

Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының хабарлауынша, облыс бойынша 983 мектеп бар. Оның ішінде 908 – мемлекеттік, 75 жекеменшік мектеп бар. Бұл мектептерде 514 018 оқушы білім алып жатыр.

Сондай-ақ Түркістан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 418 оқушы оқиды.

Басқарманың хабарлауынша, өңірде ағылшын және математика пәні мұғалімдері қажет.

2022-2023 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектептерде химия, тарих, физика пәндерінен орыс сыныптарына сабақ беретін мұғалімдер, ағылшын тілінен 31 педагог және математика пәнінен 34 педагог қажет, - делінген басқарманың Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында.

Айта кетейік, 2021 жылы мектептерде педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Мамандар ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылардың мектепке тез үйреніп кетуіне көмектеседі. Түркістан облысы бойынша 59 педагог-ассистент жұмыс істейді. Оның ішінде 20 маман қала мектебінде, 39 маман ауыл мектептерінде жұмыс істеп жатыр.

4 МЕКТЕП АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА ТҰР

Қазір облыс бойынша апатты жағдайда тұрған 4 мектеп жұмыс істейді.

2022 жылы 4 апатты мектептің құрылысы басталып, биыл қыркүйекте апатты жағдайда тұрған бір мектеп пайдалануға берілді. Келес ауданы Ынтымақ елдімекеніндегі 300 балаға арналған Қошқарбаев атындағы №37 орта мектебі 1 қыркүйекте пайдалануға берілді. Қазір мектепте 544 оқушы оқиды. Бұл мектеп апатты жағдайдағы мектеп тізімінен алынады, - деп хабарлады басқарма.

Сондай-ақ жыл соңына дейін апатты жағдайда тұрған бір мектеп пайдалануға беріледі. Қазығұрт ауданы Рабат елдімекеніндегі 200 оқушыға арналған Тажибаева атындағы мектепте 530 оқушы бар.

«2023 жылы қалған 2 апатты мектептің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Бірі – 300 балаға арналған Қазығұрт ауданы Тұрбат елдімекеніндегі Тула атындағы мектеп. Мұнда 557 оқушы бар. Екіншісі – Сарыағаш ауданы Бағыс елдімекеніндегі №23 Мұратбаев атындағы мектеп. Мұнда 347 бала оқиды», - деп хабарлады басқарма.

Сондай-ақ басқарманың хабарлауынша, Түркістан облысының мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында 908 мектепте ішкі және 804 мектепте ғимарат сыртында дәретхана бар. Қазір мектеп сыртындағы дәретханалар пайдаланылмайды.

МЕКТЕПТЕРДІҢ 85 ПАЙЫЗЫНДА ИНТЕРАКТИВТІ ТАҚТА БАР

Түркістан облысындағы 983 мектепте 87 844 компьютер бар. Бір техниканы оқушы санына шаққанда әр құрылғыға 5,8-ден келеді.

«2020-2021 оқу жылында үкіметі резерві қаражатынан 7 711 планшет, 5 952 компьютер, 43 527 ноутбук сатып алынған. 24 317 компьютер мектеп қорынан, 2 339 компьютерлік құрылғы жергілікті бюджет есебінен, 1 445 компьютер «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер қаржысына алынған», - делінген ақпаратта.

Облыстағы 983 мектептің ішінде 836 мектепте (85%) 3 492 интерактивті тақта бар.

Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында 156 бала жаңа оқу жылын апатты жағдайда тұрған мектепте бастағаны хабарланды. Апатты жағдайда тұрған Жарқайың ауданы Бірсуат ауылындағы мектепте 86 бала және Біржан Сал ауданының Бұланды ауылындағы мектепте 70 бала оқиды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама