×

Әлібек Қалбайдың өлімі: прокурор атыраулық сарбазды 10 жылға соттауды сұрады

Маңғыстаулық сарбаз 2022 жылдың 22 сәуірінде әскери бөлімде қайтыс болды

 Айгерім Таубай 07.04.2023 | 16:30
Фото: Halyq Uni

Мемлекеттік айыптаушы 2022 жылдың сәуірінде әскерде қайтыс болған сарбаз Әлібек Қалбайды өліміне кінәлі деп айыпталған атыраулықты 10 жылға соттауды сұрады. Бұл туралы іс бойынша күдікті сарбаз Айболат Аманжоловтың анасы Айнұр Төлемісова Halyq Uni тілшісіне хабарлады.

«Іс бойынша бәрі шикі. Істің жүргізілу барысына көңіліміз толмайды. Біздің ұлымызға қатысты ешқандай дәлел жоқ. Курочкин деген бір ғана куәгер бар. Ол тек екеуінің (марқұм Әлібек Қалбай мен сотталушы Айболат Аманжолов) төбелескенін ғана айтып отыр. Тергеушілер істі шикі жүргізген. Сараптама да солай. Бар үмітіміз судьяда, әділ шешім шығарады деп күтіп отырмыз», - деді сотталушының анасы Айнұр Төлемісова.

Сотталушының туыстары Айболат Аманжоловтың ақталып шығатынына үмітпен қарап отыр.

Ақталып шығатынына үміттеніп отырмыз. Бірақ биліктің ықпалы бар. Себебі біздің баламызды соттатып жіберетіндей нақты дәлел де жоқ. Ұлымның ұрып-соғып жатқаны түсірілген видео да жоқ. Тағы 1-2 куәгер болса екен... Тек бір куәгер бар. Соның сөзіне сүйеніп ұстап отыр, - дейді сотталушының анасы.

Атыраулық сарбаз Айболат Аманжолов қазір Алматыда қамауда отыр.

«Ұлым «шаршадым» дейді. Бүйрегі ауырған соң дәрігерге қаралып жатыр. (...) Прокурор жарыссөз кезінде соттан ұлымды 10 жылға соттауды сұрап отыр. Ұлым соттағы соңғы сөзінде кінәлі емес екенін айтты. «Кінәсіз екенімді қалай дәлелдеймін? Кінәлі адамдар тайраңдап, емін-еркін жүр ғой. Мен мұнда жазықсыз отырмын» деді. Менің ұлым да кімнің кінәлі екенін білмейді. «Менің де білгім келеді» деп отыр», - деді анасы.

Айнұр Төлемісованың айтуынша, марқұмның туыстары да кінәлі азаматтарды табуды сұрап отыр.

Ол кісілермен (марқұм Әлібек Қалбайдың – авт.) туыстарымен сөйлесеміз. Екі жақтың адвокаттары да бірге талқылайды. (...) Отбасымызда күйеуім ғана жұмыс істейді. Алматыға келу де қаржы жағынан қиын. Ұлымыз бостандыққа шығып алсын деп жүрміз. Қан қысымым жоғары. Ұлым адвокатқа «анам қатыспай-ақ қойсыншы, көтере алмай қалады» деп жатыр екен, - дейді анасы.

Атыраулық сарбаз Айболат Аманжолов отбасының тұңғышы, соңынан ерген 6 бауыры бар.

«САРБАЗДАРДЫ ОТАНЫ ҚОРҒАЙ АЛМАЙ ОТЫР»

Марқұм Әлібек Қалбайдың жеңгесі Динара Тілесова прокурордың күдікті сарбазды 10 жылға соттауды сұрағанына қарсы екенін жеткізді.

10 жылға соттауды сұрады, біз оған қарсымыз. Бұл жерде шикілік көп. Жазықсыз сотталмауы керек қой. Әскерге Отанын қорғауға барған бір баланы Отаны қорғай алмады, енді жазықсыз бір сарбазды түрмеге қамайын деп отыр. Бұл жерде әскери қызметкерлердің жауапсыз жұмыс істегенін, сот алдында, тергеуде өтірік сөйлегендерін қолға алуды талап етіп отырмыз. Адвокат жазықсыз жас сарбаздың сотталмауын сұрап, өтінішхат жолдап жатыр, - деді марқұмның жеңгесі Динара Тілесова.

Оның айтуынша, сотта жауап бергендердің барлығы бір сөзді қайталаған.

«Әскердегі сарбаздар бір сөзді қайталап жатыр. Жауап берген кезде айтқан сөздері уақыт жағынан сәйкес келмейді. (...) Екеуі (марқұм мен сотталушы) жауынгерлік дос болған. 4 күннің ішінде қатты жақын дос болып та үлгермеген. Тергеу бастығы Джавгашев сотқа келіп «әскерде сарбаз өлімі жиі болады» деді. Бұл не әңгіме? Бізге әділ шешім керек. Әлібекті кім ұрды? Кім өлтірді? Сол адам керек. Сарапшылар баланың сау тамтығы жоқ екенін айтты. Доғал затпен таяқ жегенін растап отыр. Бірнеше секунд ішінде Айболат Аманжолов доғал затпен ұрмаған шығар...», - дейді марқұмның туысы.

Өлтірген адам жазасын алуы керек. Айболат шындықты айтып, жылап тұр. Бірақ оны естіп жатқандар жоқ. Жазықсыз бала сотталмасын. Әділ шешім шықсын, - деп түйіндеді Тілесова.

ӘЛІБЕК ҚАЛБАЙДЫҢ ӨЛІМІ

Маңғыстаулық Әлібек Қалбай 2022 жылдың 22 сәуірінде Жамбыл облысы Отар ауылында орналасқан әскери бөлімде қайтыс болды. Ол сапта тұрған кезде кенеттен есінен танып құлаған. Жас сарбаздың қазасына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.

Бұл оқиғаға байланысты Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары Серік Борамбаев марқұмның денесінде жарақат ізі жоқ екенін мәлімдеді.

Оқиға орнын қарау барысында құқық қорғау органдарының ресми қорытындысы бойынша, сондай-ақ мәйітке сот-медициналық сараптауды жүргізген кезде қаза болғанға дейін жарақаттар мен көгерулер анықталмағанын айта кеткен жөн, – деді ол.

Оның айтуынша, егер қандай да бір заңға қайшы әрекеттер расталса, онда кінәлі адамдар ғана емес, сонымен қатар осы жағдайға жол берген командирлер де жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сот отырысы Алматы гарнизоны әскери сотында 23 тамызда басталды. 2022 жылдың қарашасында істі сот прокуратураға қайтарды.

Оның өліміне қатысты күдікті деп танылған 18 жастағы атыраулық сарбаз Айболат Аманжолов қазір Алматыдағы тергеу изоляторында отыр. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 440-бабының 4-бөлігі бойынша іс қозғалған.

Екі сарбаз да әскерге 13 сәуірде шақырылған және олар әскери ант қабылдап та үлгермеген. Әскери бөлімге 18 сәуір күні жеткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама