×

Бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталды

Қылмыстық іс материалдарында мемлекеттік құпиялар бар 

 Халық үні 30.04.2024 | 09:36
Фото: Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі

Бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталды. Ақпаратты Бас прокуратура растады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бас прокуратура 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына байланысты қылмыстық істерді тергеуді жалғастырып жатыр.

2024 жылдың 29 сәуірінде ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібінде ішкі істер экс-министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталды, – делінген ақпаратта.

Қылмыстық істе мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жарияланбайды.

Бұған дейін Бас прокуратура Қаңтар оқиғасы бойынша экс-министр Ерлан Тұрғымбаевтан жауап алынғанын хабарлады.Сондай-ақ Бас прокуратура Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Қошмамбет ауылында орналасқан арнайы қабылдау жағдайында ұсталған азаматтарға азаптауды қолдану туралы іс бойынша дәлелдемелер жинаған.

Айта кетейік, Ерлан Тұрғымбаев 2019-2022 жылдары ішкі істер министрлігін басқарды. Содан кейін Қазақстан президентінің кеңесшісі болды. Ол бұл қызметтен жарты жылдан кейін босатылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама