×

Тоқаев маңғыстаулық сарбаздың қазасына қатысты жан-жақты тексеруді тапсырды

Әскерге шақырылған маңғыстаулық сарбаз төрт күннен кейін қайтыс болды

 Айнұр Шошаева 25.04.2022 | 13:34
фото: inaktau.kz

Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығында маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбайдың қаза болуына байланысты жақындары мен туыстарының орны толмас қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.

Президенттің пікірінше, бейбіт күнде әскердегі сарбаз қаза болмауға тиіс.

Ата-ана баласын әскерге жібергенде оның қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керек. Бұл – мемлекетіміздің мойнына алған міндеті, – делінген президенттің көңіл айтуында.

Президент осы оқиғаға қатысты Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жауынгердің өліміне қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырды.

Қорғаныс министрлігі таратқан ресми мәлімдеме бойынша, 2022 жылғы 22 сәуірде Гвардейск әскери қалашығындағы госпитальде қатардағы жауынгер Әлібек Қалбай қайтыс болды. Таңертең сапта тұрған жауынгер кенеттен есінен танып қалған. Әскери қызметшіге қажетті медициналық көмек көрсетілгенмен, ол есін жимаған күйі көз жұмған.

Алайда, Әлібектің туыстары министрліктің мәлімдемесіне сенбей отыр. Олар жас жігітті соққыға жықты деп санайды.

Әлібек Қалбай 13 сәуірде әскер қатарына шақырылып, медициналық тексерістен өткен. Сөйтіп, 18 сәуірде әскери борышын өтеуге Маңғыстаудан Қордайдағы әскери бөлімге барған. Сарбаз төрт күннен кейін қайтыс болған.

24 сәуірде маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбайдың денесі кеше ұшақпен туған жеріне жеткізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама