×

Қаза болғанға дейін жарақат, көгеру анықталмаған: Генерал-майор сарбаз өлімі жайлы айтты

Ол тері өзгерісін түсіндіруге тырысты

 Қымбат Елтайқызы 25.04.2022 | 12:59
коллаж: Halyq Uni

Қазақстан Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары – тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, генерал-майор Серік Борамбаев қатардағы жауынгер Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты мәлімдеме жасады.

Өкінішке қарай, биылғы 22 сәуірде Гвардейск әскери қалашығында орналасқан әскери госпитальде әскер қатарына жаңадан шақырылған қатардағы жауынгер Әлібек Қалбай қайтыс болды. Ол жеке құрамның сапқа тұруы кезінде өзін нашар сезініп, есінен танып қалған. Медицина қызметкерлерінің жасаған амалдарына қарамастан жас сарбаздың өміріне араша түсу мүмкүн болмады. Ең бастысы, біз ұлдарын келмеске жоғалтқан туған туысқандары мен жақындарын, соның ішінде ата-аналарын түсінеміз және қайғырып көңіл айтамыз, – деді Борамбаев.

Оның айтуынша, қатардағы жауынгер Калбайдың қаза болуына себепкер болған мән-жағдайларды қоғам білуі қажет. Арнайы құрылған жедел-тергеу тобы қылмыстық іс бойынша барлық болған жағдайды толығымен қарастырады. Қажетті экспертизалар алынды.

«Оқиға орнын қарау барысында құқық қорғау органдарының ресми қорытындысы бойынша, сондай-ақ мәйітке сот-медициналық сараптауды жүргізген кезде қаза болғанға дейін жарақаттар мен көгерулер анықталмағанын айта кеткен жөн. Тері қабаттарының қазіргі өзгеруі сот-медициналық сараптауды жүргізумен және қаза болудың биологиялық процесімен байланысты. Сеніңіздер, тергеудің объективті жүргізілуіне біз де мүдделіміз. Себебі барлық сатыдағы командир бағынысты әскери қызметшілердің жалпы өмірі мен денсаулығына ата-аналар мен мемлекет алдында заң шеңберінде ғана емес, сонымен қатар моральдік тұрғыда жауапты», – дейді генерал-майор.

Оның мәліметінше, қорғаныс министрлігінің басшылығы ештеңені жасырып қалмайды. Сарбаздың атан-анасы мен жақындары оқиғадан кейін дереу әскери бөлімге барып, олардың ұлы қызмет атқарған бөлімшедегі тұрмыстық жағдаймен танысты және жағдайды өз көздерімен көрді.  

Сіздер білесіздер, жоғарғы бас қолбасшы қорғаныс министрлігі алдында Қарулы күштердің келбетін сапалы өзгерту бойынша жаңа талаптар қойған болатын.  Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, әскерлерде әскери қызметшілердің барлық санатымен жұмысты қайта қарау жүріп жатыр. Онда негізгі күш әскери қызметтің лайықты жағдайын құруға, бағыныстыларына сақтықпен қарауға, қамқор болуға, жеке құрам кәсібилігін және жеке-тәрбие жұмысын арттыруға бағытталған, – дейді маман.

Оның дерегінше, қазір көп нәрсе жасалған және жасалып жатыр. Армияда мәселелер әлі де бар. Бірақ оның барлығы шешіледі және әскери қызметті өткерудің қауіпсіздігіне еш ықпал етпейді. Өйткені сарбаздар мен офицерлер өмірі әрбір командирлер мен бастықтар үшін жоғары құндылық және ең басты бағыт саналады.

«Қарулы күштерде 70 мыңнан астам әскери қызметші қызмет атқарады. Бұл ер азаматтар басым ұжым. Бұған қоса олар әрдайым жауынгерлік даярлықпен шұғылданады. Келесі жағдайларға назар аударғым келеді:

Бірінші. Әлібек Қалбай 18 сәуірде Құрлық әскерлерінің оқу орталығы саналатын 30212 әскери бөліміне қызмет атқаруға келген. Ол жерден сарбаздар әскери мамандық игеріп және әскери шеберліктен алғашқы білім алып, 6 ай өткеннен кейін Қарулы күштердің басқа құрамалары мен бөлімдеріне бөлінеді. Оқу орталығындағы қызмет «бір шақырылым» сарбаздары принципі бойынша құралған. Яғни, бір шақырылым сарбаздарын оқытып, әскерлерге жібермей, басқа сарбаздарды әскерге шақырмайды.

Екінші. Қорғаныс министрі «қаза болған сарбаздың мәйітін ата-анасының тұрғылықты жері – Маңғыстау облысына (С.Шапагат а.) оның командирлері жеткізсін» деген шешім қабылдады. Олар: оқу орталығының бастығы, әскери мектеп бастығы, рота және взвод командирлері.

Үшінші, әскери қызметшінің қаза болу ісі бойынша тергеуді ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары жүргізіп жатыр. Олар өз қызметтері бойынша тәуелсіз және қорғаныс министрлігіне есеп бермейді. Бұл «тексерістің әділ және неғұрлым объективті» жүргізілуі үшін жасалған.

Төртінші. Бұл жағдайды тексеріп, егер анықталса, кінәлілерді тауып, жауапқа тарту біз үшін «абырой» болар еді.

Егер қандай да бір заңға қайшы әрекеттер расталса, онда кінәлі адамдар ғана емес, сонымен қатар осы жағдайға жол берген командирлер де жауапқа тартылатынын атап өтемін», – деп түйіндеді Серік Борамбаев.

«Әскерге күштеп жіберді». Қордайда көз жұмған сарбаздың туыстары министрлік мәлімдемесіне сенбей отыр. «Жылап тұрған екі сарбазды көрдім». Әскерде көз жұмған маңғыстаулықтың анасы істі соңына дейін жеткізбек

Серіктес жаңалықтары

Сараптама