×

Гүлмира Сатыбалды ісі: Тұрсенғали Алагөзов материалдық шығын көлемін азайтты

Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі

 Айгерім Таубай 04.04.2023 | 15:06
Коллаж Halyq Uni

Гүлмира Сатыбалдыға қатысты іс бойынша сотта жәбірленуші тарап материалдық шығынның көлемін өзгертті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Тұрсенғали Алагөзовтің адвокаты Гүлмира Бұралхиева азаматтық талап арызға өзгеріс енгізілгенін хабарлады.

Бұған дейін жәбірленуші азаматтық талап арыз негізінде Гүлмира Сатыбалдыдан «GALANZ bottlers» АҚ-ның 43,25% акциясын қайтару арқылы 6 млрд 985 млн 221 мың теңге шығынды өндіріп алуды сұрады. Ал моральдық шығынды 5 млрд теңге деп бағалады.

4 сәуірде өткен сот отырысында сома көлемі өзгерді.

Іс бойынша азаматтық талап арызға өзгерістер енгіздік. Ол жерде көрсетілген сомаға мынадай өзгерістер қосылды. Мамандардың 2022 жылдың 22 тамыздағы «GALANZ bottlers» АҚ-ның нарықтағы құнын бағалау туралы қорытындысы негізінде акциялардың 43,25%-ының құны 6 млрд 584 млн теңгені құрайды. Талап арызда осы соманы ескердік, - деді адвокат Гүлмира Бұралхиева.

Бұл акциялар қазір Jusan Bank-те бұғаттаулы. Қазірге дейін Алагөзов акцияларды өзінің атына тіркеуге банктің рұқсатын алған, оның ішінде тиісті шарттар мен кепілдіктерге қол қойылған.

«Қазір Қайрат Сатыбалдыға қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалған. «GALANZ bottlers» АҚ-ның бұл акциялары даулы мүлік саналады. Сот талап шеңберінде жәбірленушінің талаптарын қанағаттандырса, басқа қылмыстық іске байланысты қалған 46,75% акцияға салынған тыйым сақталуы қажет. Осылайша Гүлмира Сатыбалдыдан Алагөзовтің пайдасына 6 млрд 584 млн шығынды «GALANZ bottlers» АҚ-ның 43,25% акциясын қайтару арқылы, ал моральдық шығын ретінде көрсетілген 5 млрд теңгені 35% акцияны беру арқылы өндіруді сұраймыз. Осы орайда Jusan Bank-тегі акцияға салынған тыйымды сақтауды сұраймыз», - деді адвокат.

Бұған дейін жәбірленуші Тұрсенғали Алагөзов не себепті моральдық шығын ретінде 5 млрд теңге өндіруді сұрап отырғанын түсіндірді.

6 жыл бойы мені компанияға жолатпағанына байланысты 5 млрд теңге өндіруді талап етіп отырмын. 6 жыл бойы мені кәсіпорын аумағына кіргізбеді. Ол маған материалдық қана емес, моральдық та шығын келтірді. Сотталушының әрекеттерінің салдарынан менің беделіме нұқсан келді, - деді сотта Алагөзов.

Айта кетейік, бұған дейін іс бойынша тағы бір жәбірленуші Айгүл Мекешева өзіне 713 млн теңгеден аса сомаға материалдық шығын келгенін айтып, осы соманы өндіруді сұрады.

713 809 780 теңге көлемінде материалдық шығын мен 50 млн теңге көлемінде моральдық шығынды өтеуді сұраймын, - деді Айгүл Мекешева.

Алайда жәбірленуші бұл соманы Гүлмира Сатыбалдының өзінен немесе іс бойынша сотталушы Мәди Батыршаев және Рашид Өтебековтен де өндіруді сұрап отырғанын нақтыламады.

Айыптау актісіне сәйкес, 2020 жылдың қыркүйегінде Сатыбалды Алагөзовке тиесілі акциялар пакетін заңсыз иемденген. Содан кейін Сатыбалды Мекешеваның меншігіндегі «Maxi Bottlers» үлесінің 75%-ын басқа сенімді тұлғаға қайта жазуды тапсырған. Алайда алдын ала уәде берген компания акцияларының 5%-ын Мекешеваға беруден бас тартқан.

Содан кейін Сатыбалды Мекешеваның өз еркімен акцияны жазып бермейтінін түсініп, оны ұрлау әрекетін ұйымдастырған. Мекешеваны ұрлап әкетуді жеке көмекшісі Батыршаевқа тапсырған. Ал Батыршаев бұл іске өзінің үш танысын тартқан.

Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 389-бабының 3 және 4 бөлігі (өзінше билік ету), 28-бабының 3-бөлігі 1 және 8 тармағы (адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады), 125-бабының 2-бөлігінде (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы және пайдакүнемдiк ниетпен адамды ұрлау) көрсетілген қылмысты жасады деген айып тағылған.

Сотта Гүлмира Сатыбалды өзіне тағылған айыпты мойындамады

Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі. Бұған дейін сот үкімімен Қайрат Сатыбалды 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама