×

Гүлмира Сатыбалды бұрынғы күйеуінің беделін пайдаланбақ болған – прокурор

Гүлмира Сатыбалды – Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі

 Айгерім Таубай 14.03.2023 | 15:47
Фото: Halyq Uni

Астанада Гүлмира Сатыбалдыға қатысты іс бойынша сот процесі басталды. Айыптау актісін оқыған прокурор сотталушылардың қалай әкерет еткенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Іс бойынша үш сотталушы бар. Бірі – Гүлмира Сатыбалды, енді бірі – Мәди Батыршаев. Үшінші сотталушы – Рашид Өтебеков. Жәбірленушілердің арасында Айгүл Мекешева мен Тұрсенғали Алагөзов бар.

Айыптау актісіне сәйкес, Алагөзов әйелімен ажырасу барысында «Galanz Bottlers» АҚ-ның өзіне тиісті акцияның бір бөлігін әйеліне берген. Содан кейін Алагөзовтің бұрынғы әйелі үлесін өз әпкесіне берген. 2018 жылдың қазанында олар компанияның екінші деңгейдегі банктегі қарызын жабуға Гүлмира Сатыбалдыдан көмек сұраған. Қарыз сомасы – 1,2 млрд теңге. Нәтижесінде бизнестегі серіктес болып, сол арқылы сауда белгісін алады деп уәде берген.

«2018 жылдың қарашасында Сатыбалды заңнамада белгіленген тәртіпке қарамастан, өз еркімен ірі акционер болуға ұмтылған. Сатыбалды Рившанов пен Бердіқұловтың атына жазылған, алайда нақты иесі Алагөзов болған ірі акция пакетін алуды жоспарлаған. Олардың арасында қаржылық көмек орнына акцияларды беру туралы уағдаластық болмаған. Қылмыстық ойын іске асыру үшін Сатыбалды мемлекеттік аппаратта және коммерциялық құрылымдарда байланысы бар бұрынғы күйеуі Қайрат Сатыбалдының беделін пайдалануға шешім қабылдаған», - деді прокурор.

Айтуынша, Сатыбалды Рившановпен телефон арқылы сөйлескен кезде акцияны өзі айтқан адамның атына жазып беруін талап еткен. Ол бұл әрекетінің барлығы Қайрат Сатыбалдымен келісілгенін айтып, моральдық және психологиялық қысым көрсеткен.

Қысымнан қорыққан Рившанов акцияның шын мәнінде Алагөзовке тиесілі екенін айтқан.

Ол акцияның нақты иесінің рұқсатынсыз Сатыбалдының талабына жауап бере алмайтынын жектізген. Рившанов пен Бердіқұлов Алагөзовпен кездесу кезінде қорқыту-үркіту туралы айтқан, - деді мемлекеттік айыптаушы.

Содан кейін Гүлмира Сатыбалды қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында тікелей Алагөзовке қысым көрсеткен.

2019 жылдың қаңтарында өзінің шексіз мүмкіндіктеріне сенімді болып, жазаға тартылмайтынына сенімді болған Сатыбалды Алагөзовпен кездескен. Оған моральдық-психологиялық қысым көрсетіп, оған басының бәлеге қалатынын айтып, акцияларды өзі көрсететін басқа адамға жазып беруді талап етті, - деді мемлекеттік айыптаушы.

Алагөзов бұл істе оған Қайрат Сатыбалдының қолдау көрсететінін ойлап, қойған талабына келіскен. Осы аралықта Гүлмира Сатыбалды процесті жылдамдату мақсатында қорқыту-үркіту мәндегі қоңырау ұйымдастырған.

Ол акцияны Сатыбалдының көлік жүргізушісі Жүсіповтің атына жазады деп келіскен.

Сатыбалдының заңсыз әрекеті жәбірленуші Алагөзовке оның мүлкін еркін пайдалануына және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға қатысты конституциялық құқықтарын бұзып, сондай-ақ 6 млрд 584 млн теңге сомасына аса ірі материалдық шығын түрінде елеулі зиян келтірді, - деді прокурор Азамат Сәрсенбаев.

Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 389-бабының 3 және 4 бөлігі (өзінше билік ету), 28-бабының 3-бөлігі 1 және 8 тармағы (адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады), 125-бабының 2-бөлігінде (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы және пайдакүнемдiк ниетпен адамды ұрлау) көрсетілген қылмысты жасады деген айып тағылған.

Сотта Гүлмира Сатыбалды өзіне тағылған айыпты мойындамады

Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі. Бұған дейін сот үкімімен Қайрат Сатыбалды 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама