×

Тоқаев Алматыдағы тұрғын үй құрылысын сынады

Жастардың баспаналы болуына жан-жақты жағдай жасау керек, –  деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 16.11.2022 | 11:05
фото: ашық дереккөз

Алматыда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала жұртшылығымен кездесуі болып жатыр. Осы кездесуде президент қалада қажетті нәрсенің бәрі өте тығыз орналасқанын, коммуналдық жүйенің тозып жатқаны айтып, тұрғын үйлердің құрылысының сапасына мән беруді тапсырды. Сонымен бірге ол жастардың баспаналы болуына қолда бар жағдайдың бәрін жасау керектігін атап өтті.

«Алматы – қастерлі тәуелсіздігіміздің бойтұмары болған қала. Алматыда еліміз үшін ең маңызды шешімдер мен құжаттар қабылданды. Осы жерде Егемендік декларациясына қол қойылды, Тәуелсіздігіміз жарияланды. Еліміздің болашағын айқындаған басқа да көптеген тағдырлы оқиғалар өтті. Алматы – еліміздің іскерлік, рухани, ғылыми және туристік орталығы. Сондықтан, мен қаланың дамуына, оның тіршілікке қолайлы, жайлы болуына айрықша мән беремін», –  деп бастады ол сөзін.

Одан әрі президент Алматының тарихи орталығы – өмір сүру үшін аса қолайлы жер екенін, алайда қажетті нәрсенің бәрі жақын жерде орналасқанын, қала орталығының өзіне тән проблемалары бар екенін, соның ішінде коммуналдық жүйенің тозып бара жатқанын атап өтті.

«Қалада ғимараттар бір-біріне өте тығыз орналасқан. Жолдарда кептеліс көп. Сондай-ақ, шеткері аудандардың дамуы тым кенже қалып отыр. Әлеуметтік нысандар жетіспейді. Жұрт серуенге баратын саябақтар тапшы. Негізінен жер үйлер көп салынған. Тіпті, қыс айларында қара түтін қаптайды. Азаматтардың демалысын пайдалы өткізетін қоғамдық орындар аз. Көлік және инженерлік инфрақұрылым да жеткіліксіз», –  деді ол.

Осы ретте, президент қала әкімдігінің басты міндетінің бірі – орталық пен шеттегі аудандардың арасында пайда болған осы теңсіздікті жою екенін қадап айтты.

«Қала – бәріне ортақ. Сондықтан, қаланың игіліктері де барлық тұрғындарға бірдей қолжетімді болуға тиіс», – деді мемлекет басшысы.

Кездесуде Қасым-Жомарт Кемелұлы баспана проблемасын айналып өтпеді. Ол Алматы тұрғындарының көпшілігі үшін, әсіресе, жастар үшін баспаналы болу – ең өзекті мәселеге айналғанын жасырмады.

«Қалада пәтердің бағасы қымбат. Әрине, еңбек жолын енді ғана бастаған жастар бірден пәтер сатып ала алмайтыны түсінікті. Бірақ, солай екен деп еш қарекетсіз қол қусырып отыруға болмайды. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі», –  деді ол.

Осыған байланысты Тоқаев жергілікті әкімдікке жалға берілетін тұрғын-үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруды тапсырды. Оның айтуынша, жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер, ең алдымен, қолжетімді болуға тиіс. Жалпы, Алматы жастары үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек. Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады.

Осы ретте, президент қалада тұрғын-үй тапшылығын азайтуды айтып, келесі жылдан бастап тұрғын-үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыруды тапсырды.

«Әрине, Алматыда бос жер аз. Бұл жағдай құрылыстың қарқынын күшейтуге кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті, жаңа жерлерді игеру керек. Қалада 1500-ге жуық ескі үй бар. Шағын аудандарда тұрған мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізген жөн. Ал, жаңғыртуға келмейтіндерін сүріп тастау қажет.

Әкімдікке осы шаруаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын. Жаңғырту жұмыстарының тұрғындарға қолайсыздық тудырмауын ойластыру керек.

Әкімдікке осы шаруаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын. Жаңғырту жұмыстарының тұрғындарға қолайсыздық тудырмауын ойластыру керек», –  деді президент.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама