×

Елімізде жыл басынан бері өрт салдарынан 16 адам қаза тапқан

Жыл сайын 12 мыңнан аса өрт тіркеледі

 Динара Амантай 14.11.2022 | 14:41
Фото: iagorod.kz

Қазақстанда жыл басынан бері 835 өрт тіркеліп, салдарынан 16 адам қаза тапты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков брифинг барысында айтты.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Жылыту кезеңінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбында брифинг өтті. Спикер болып ТЖ жөніндегі вице-министр Марат Күлдіков сөз сөйледі. Айтуынша, өрт, адам өлімі және жарақат алу қаупін азайту мақсатында ТЖМ алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Елімізде жыл сайын 12 мыңнан аса өрт тіркеліп, салдарынан 400-ден аса адам қаза табады. Бұл ретте өрттер мен қаза тапқандардың негізгі үлесі тұрғын үй секторында тіркелген. 1 қазаннан бастап республика бойынша жылыту маусымы басталды. Елімізде 835 өрт тіркеліп, 16 адам қайтыс болды, - деді вице-министр.

Бүгінде 106 мыңнан аса тұрғын үй есепке алынды. Еліміз бойынша 600 мыңнан аса рейдтер мен аралаулар жүргізілді. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігінің 100 мыңнан аса бұзушылықтары анықталды. Жанғыш материалдарды жылыту құрылғыларының жанында дұрыс сақтамау, заттарды пештің үстінде кептіру және басқа да бұзушылықтардың негізгі бөлігі орнында жойылады, қалғандары бойынша ұсыныстар беріледі.

Газдан улануға қатысты қайғылы жағдайларды төмендету мақсатында жеке тұрғын үйлерге датчиктер орнтау қолға алынған болатын. Бүгінде республика бойынша жеке тұрғын үйлерде соңғы 3 жылда 153 мыңнан аса датчик орнатылды (әкімдіктер мен демеушілер есебінен). Оларды хабардар етудің (іске қосудың) арқасында 170-ке жуық азаматтың өмірі құтқарылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама