×

Астанадағы 2 жұмысшының өлімі: арнайы комиссия құрылды

10 жұмыс күні ішінде тергеу жұмыстары жүргізіледі

 Динара Амантай 12.11.2022 | 14:22
Фото: opennews.kz

Елордадағы құрылыс алаңындағы 2 жұмысшының өліміне қатты жел мен қауіпсіздік ережелерін бұзу себеп болуы мүмкін, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі astanatv.kz арнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға таңғы сағат 11 шамасында болған. Құрылыс алаңындағы жұмысшылар оқиғаның қатты желдің салдарынан болғанын айтады. Аталған жағдайға байланысты полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізуде.

Алдын ала болжам бойынша, екі құрылысшы жаңа ғимараттың 14-ші қабаты деңгейінде қасбет жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде кабель үзілген. Бір ер адам сол жерде көз жұмды, екіншісі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Еңбек инспекторларының айтуынша, жағдайға қауіпсіздік ережелерін бұзу себеп болған. Қайғылы оқиғадан кейін арнайы комиссия құрылып, 10 жұмыс күні ішінде тергеу жұмыстарын жүргізеді.

Кәсіпорынның лауазымды тұлғалары анықталып, материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Полиция департаментіне жолданады. Еңбек қатынастарының дәрежесін анықтаймыз. Оларды жұмысқа еңбек шарты бойынша қабылдағанын, немесе қызмет көрсету шарты бойынша жұмысқа қабылданғанын анықтау қажет, – деді Астана қ. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының орынбасары Ерлан Исмағұлов.

Айта кетсек, елордада жыл басынан бері құрылыс алаңдарында 44 жұмысшы жарақат алып, оның 11-і қаза тапты. Басым бөлігінде қайғылы жағдайларға жұмыс берушілердің жұмысшыларды қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етпеуі және аулау торларына немқұрайлы қарауы себеп болады.

Естеріңізге сала кетсек, таңертең екі жұмысшы жаңа ғимараттың 14-ші қабатынан құлап кеткен болатын. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама