×

Маңғыстаудағы орыс мектептерінде білім алатын оқушылардың 81 пайызы – қазақтар

Облыста орыс тілінде білім беретін мектептің 1-сыныбына 782 бала қабылданды

 Айгерім Таубай 22.08.2022 | 16:02
Фото: Halyq Uni

Маңғыстау облысында орыс тілінде білім беретін 5 мектеп бар. Ол жерде білім алатын оқушылардың 81,2 пайызының ұлты қазақ, деп хабарлайды Halyq Uni. 

Облыста 2022-2023 оқу жылында бірінші сыныпқа қабылдауға 19 846 өтініш түсті. Оның ішінде қазақ сыныптарына 17 031 (85,8%) барады. Алайда қазақ тілінде білім алатын балалар арасында қанша өзге ұлттың баласы бар екені әлі нақтыланбады. 

Облыста 2-11 сынып аралығында 153 422 оқушы білім алады. Оның ішінде ұлты қазақ 146 068 оқушы бар. Сондай-ақ ұлты орыс – 3 675, ұлты өзбек – 402, ұйғыр – 37, тәжік – 20, 110 қырғыз және ұлты қазақ емес басқа да 3 099 бала бар, - делінген Маңғыстау облысы білім басқармасының Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында.

Облыста орыс тілінде білім беретін 5 мектеп бар. Ол жерде 6 952 оқушы білім алады. Оның ішінде ұлты қазақ оқушылар саны – 5 645. Аталған мектептердің бірінші сыныбына 782 бала қабылданды.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында орыс тілінде білім беретін 8 мектеп бар екені, биыл бұл мектептердің 1-сыныбына ұлты қазақ 114 бала баратыны хабарланды. Сондай-ақ орыс тілінде білім беретін мектепте 8 471 оқушы оқиды, оның ішінде 2 203 оқушының ұлты қазақ.

Ал Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында орыс тілінде білім беретін екі мектеп бар. Бұл мектептің 1-сыныбына баратын оқушылардың арасында 24 қазақ бала бар. Осы екі мектепте 2-11(12) сынып аралығында 244 қазақ бала орыс тілінде білім алады.

Шығыс Қазақстан облысында орыс тілінде білім беретін мектептердің 1-сыныбына ұлты қазақ 967 бала барады. Орыс тілінде білім беретін мектептердің 1-11 сыныптарында ұлты қазақ 8 713 оқушы оқиды.

Қарағанды облысында биыл 1-сыныпқа 17 561 бала қабылданады. Оның ішінде қазақ тілінде білім беретін мектепке 9 304 бала қабылданды, 8 257 бала орыс тілінде білім алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама