×

ШҚО-да биыл мектеп табалдырығын аттайтын балалардың жартысынан көбі орыс тілінде оқиды

Облыста мыңға жуық қазақ баласы орыс мектебіне барады

 Айгерім Таубай 19.08.2022 | 15:53
Фото: Halyq Uni

Шығыс Қазақстан облысында 2022-2023 оқу жылында бірінші сыныпқа 10 мыңға жуық бала барады. Оның ішінде жартысынан көбі орыс тілінде білім беретін мектептің табалдырығын аттайды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, жаңа оқу жылында облыстағы мектептердің 1-сыныбына 9 986 бала барады. Оның ішінде 47,6%-ы, яғни 4 752 бала қазақ тілінде оқытатын мектепке барады. Қалған 52,4%-ы, 5 234 бала орыс тілінде білім алады. Басқарма 1-сыныпқа құжат қабылдау бірінші қыркүйекке дейін жүргізілетінін айтып, бұл көрсеткіштің өзгеруі мүмкін екенін мәлімдеді.

Биыл ұлты орыс, тәжік, ұйғыр, өзбек 104 бала қазақ тілінде оқитын сыныпқа қабылданды, - деп хабарлады облыстың білім басқармасы.

Сондай-ақ қазақ мектебінің 2-11 сыныбы аралығында ұлты орыс, корей, өзбек, қырғыз, тәжік, түрік, неміс 625 бала білім алады.

Басқарма орыс тілінде білім беретін мектепке баратын қазақ балаларының саны туралы да ақпарат берді.

Орыс тілінде білім беретін мектептердің 1-сыныбына ұлты қазақ 967 бала барады. Орыс тілінде білім беретін мектептердің 1-11 сыныптарында ұлты қазақ 8 713 оқушы оқиды, - деп жауап берді ШҚО білім басқармасы Halyq Uni ресми сауалына.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлытау облысында биыл ұлты қазақ емес 12 бала мемлекеттік тілде білім беретін сыныпқа қабылданғаны хабарланды. Сондай-ақ 24 қазақ бала орыс мектебіне барады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама