×

Жамбыл облысында 4 мыңнан аса өзге ұлт баласы қазақ сыныбына барады

Облыста орыс тілінде білім беретін 8 мектеп бар, ол жерде жыл сайын 2 мыңнан астам қазақ бала білім алады

 Айгерім Таубай 21.08.2022 | 11:25
Фото: Halyq Uni

Жамбыл облысында жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 23 мың бала барады. Оның ішінде бес мыңнан астамы оқушының ата-анасы орыс тілінде білім беретін сыныпты таңдаған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, биыл бірінші сыныпқа қабылданған 5 125 бала орыс тілінде оқиды, 17 875 бала қазақ тілінде білім алады. 17 875 баланың 641-і – өзге ұлт өкілі.

Ішінде ұлты орыс 99 бала және 49 – өзбек, 42 – қырғыз, 36 – күрд, 10 – түрік, 9 – татар, 8 – неміс, 8 – ұйғыр, 5 – шешен, қарашай халқының 5 өкілі бар, - делінген Жамбыл облысы білім басқармасының Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында.

Сондай-ақ облыста 2021-2022 оқу жылында 2-11 сынып аралығында ұлты қазақ емес 4 224 оқушы қазақ тілінде білім беретін сыныпта оқыды. Оның ішінде ұлты орыс (1 352), түрік (854), өзбек (614), қырғыз (352), дүнген (248), күрд (264), татар (200), ұйғыр (158), шешен (58), корей (32), неміс (24), әзербайжан (20), қарашай (15), украин (6) оқушылар бар.

Айта кетейік, Жамбыл облысында орыс тілінде білім беретін 8 мектеп бар. Биыл бұл мектептердің 1-сыныбына ұлты қазақ 114 бала барады. Өткен оқу жылында орыс тілінде білім беретін мектепте 8 471 оқушы оқыды, оның ішінде 2 203 оқушының ұлты қазақ.

Бұған дейін Ұлытау облысында 1-сыныпқа биыл 4 214 бала қабылданғаны, оның ішінде 3 339 бала қазақ тілінде, 875 бала орыс тілінде оқытатын сыныпқа баратыны хабарланды.

Ал Шығыс Қазақстан облысында 2022-2023 оқу жылында 1-сыныпқа 10 мыңға жуық бала барады. Оның ішінде жартысынан көбі орыс тілінде білім беретін мектептің табалдырығын аттайды.

Айта кетейік, 2022 жылдан бастап қазақ тілінде білім беретін мектептерде 1-сынып оқушылары тек қазақ тілінде білім алады, ал орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілі мен орыс тілі 1-сыныптан бастап оқытылады.

Қазақ тілінде білім беретін мектептер 2-сыныптан бастап орыс тілін пән ретінде оқытады. Сондай-ақ барлық мектепте 3-сыныптан бастап ағылшын тілі енгізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама