×

Видеоны Ресейдегі құрбысына жіберген: Алматыда жасөспірімдер екі балаға азғындық жасаған

Тергеу барысын Ішкі істер министрлігі мен Алматы қалалық Полиция департаментінің басшылығы бақылауға алды

 Халық үні 13.08.2022 | 22:31
Фото: wiktionary.org

Алматы тұрғыны екі баласына жасөспірімдер сексуалдық сипаттағы азғындық көрсеткенін айтып, полиция мен қоғам белсенділеріне шағымданған. 

НеМолчи.kz қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің әлеуметтік желідегі парақшасынан белгілі болғандай, 5 және 9 жасар екі бала ойын алаңында ойнап жүргенде оларға 13-17 жас аралығындағы төрт жасөспірім келіп, қорқытып, балағаттап, азғындық әрекеттер жасаған.

Үлкен баламнан іш киімін шешіп, жыныс мүшесін кіші баламның аузына салуды бұйырған. Үлкенім олардың талабын орындаудан бас тартқан кезде жасөспірімдер балағаттап, қорқытуға көшкен. Онымен қоймай, оқиғаны телефонға түсіріп тұрған. Балам қатты қорқып кетіп, шалбарын шешкенімен бірден артқа қарай шегінген. Сол кезде жасөспірімдер кіші ұлымды үлкеніне қарай итеріп, «Онда сен солай істе, қане!» деп айқайлаған. Үлкен ұлым кішімді қолынан жетектей сала, алаңнан подъезге қарай қаша жөнелген. Балам қатты қорланғаннан жылап, есін жия алмай қалған, - дейді балалардың анасы.

Алайда ашуланған жасөспірімдер балаларды қуып келіп, үйдің кіреберісінде «Ағасы інісіне зорлық жасады!» деп айқайлаған. Сол сәтте есік алдына шыққан балалардың әжесі не болғанын сұрағанда, жасөспірімдер ештеңе білмейміз деп жауап берген.

Баланың үлкені ештеңе айта алмай, қыстығып жылай берген. Сол сәтте сыртқа шығып бара жатқан көршісі әжейге не болғанын көргенін, тек кейінірек түсіндіріп беретінін айтып асығыс кетіп қалған. Бала тынышталып, оқиғаны айтып бергенше бәрі кеш болған еді. Бұл уақытта жасөспірімдер қашып кеткен. Кешке қарай әлгі жасөспірімдердің арасында болған 17 жастағы қызды көршісі арқылы тауып алып, сұрақтың астына алса, қыз әжейдің өзіне дүрсе қоя берген. Тіпті, телефонындағы видеоны көрсетіп, «Қорқатын дәнеңесі жоқ, ол 9 жаста, оған бәрін істей беруге болады» деген. Ал видеоны Ресейде тұратын құрбысына жібергенін айтқан, - деп жазады Дина Таңсәрі.

Келесі күні, 25 шілдеде әйел балаларымен Түрксіб аудандық ішкі істер бөліміне барған. Балалардан жауап алған тергеуші зорлық-зомбылық жасады деп айыпталған жасөспірімдердің кек алуы мүмкін екенін ескерткен. Ағайындылар олармен бір мектепте оқитындықтан, ұлдардың анасы оларды басқа мектепке ауыстыруды жөн көріпті.

Осы оқиғадан кейін балалардың кішісі қатты күйзеліске түсіп, бірнеше күн бойы жылаған, тіпті дәрігер тағайындаған ауыр дәрілерді ішуге мәжбүр болған.

Алматы қалалық Полиция департаментіне қарасты Түрксіб ауданының полиция бөлімі қазіргі кезде ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабы бойынша арыз тіркелгенін хабарлады.

Тергеу толықтық, шынайылық және жан-жақтылық қағидаларын қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Істің мән-жайы нақты анықталатын болады. Ал кінәлілерге ҚР заңнамасына сәйкес шара қолданылады, - деп хабарлады Түрксіб аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Еркін Амантаев.

Тергеу барысын Ішкі істер министрлігі мен Алматы қалалық Полиция департаментінің басшылығы бақылауға алған.

Дереккөз: azattyq-ruhy.kz

Серіктес жаңалықтары

Сараптама