×

Әлеуметтік желіде Бақытгүл Хаменованың атынан жарияланған жазба тағы жұрттың талқысына түсті

 Халық үні 08.08.2022 | 06:45
ашық дереккөзден

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың атынан әлеуметтік желіде жарияланған жазба тағы да жұрттың талқысына түсті

БАҚ беттеріндегі соңғы басты жаңалық - Бақытгүл Хаменованың соты. Журналистердің ішінде сот процесі туралы халыққа нақты жеткізе алғаны да бар, аяғы тайып сүрініп кеткені сынды көр-жерді сөз қылғаны да жоқ емес.

Желідегі жазбаларды жарыса бөлісіп, айызы қанғанша сыбап, “сотталсын!” деп жатқандар да жетерлік. Пікірлерге көзің түсіп кетсе, жағаңды ұстайтындай жағдай. Ақ жаулықты ана жасындағы апалар, ер деп сенім артар азаматтар да ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, қарғап-сілеп, табалаудан аянып қалмаған екен…

Жә, налымадық аса, анамыз айтқандай, өресі төмен кейбіреулердің көп сөзі мен боқ сөзі тағдырды шешпейді. Аллаға шүкір, бауырымыздың адалдығына сеніп, қолдау көрсетіп сотқа келген, әлеуметтік желіде жылы сөзімен жылатып та, жұбатып та жатқан тілеулес ағайынның қарасы қалың.

Пара алушы да, параны беруші де бостандықта үйінде жатқанда, 8 ай бойы СИЗО-да сотты күтіп жатқан Б.Хаменованың “Әділдік жеңеді!” деген бір ауыз сөзін сан-саққа жүгіртіп, болжап жатқан да өз қазағымыз. Түсінбейтініміз - бұл істе ТҮК КІНӘСІ жоқ Б.Хаменова неге өзіне сенімді болмауы керек, неге әділдікке сенбеуі керек?!

Сырттан тон пішіп, ғайбаттың есігін ашпайық, ағайын!

Одан да істің ақ-қарасына, ақиқатқа көз жеткізгілеріңіз келсе, 11 тамызда ашық сотқа келіңіз.

Әйтпесе ғаламтордың алдында бір-бірімізді қажап, бал ашып, сәуегейлік құрып, күнәға батпайық!

Келіңіз!

Құлағыңызбен естіңіз, көзіңізбен көріңіз!

Р.S. Алланың қалауымен ӘДІЛДІК ЖЕҢІП, Б.Хаменова ақталып шықса, тағы да парамен шешті дейді біраз қазақ. Бізге дауа жоқ негізі…,- деп жазылған Бақытгүл Хаменованың атынан жарияланған жазбада. 

Бұған дейін Бақытгүл Хаменованың алғашқы сот отырысынан кейін мәлімдеме жасап, әділдік жеңетінін айтқанын жазған болатынбыз.

Айта кетейік, 2021 жылдың желтоқсанында Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.

Келісімшарт облыстық мәдениет басқармасы мен «Балқыту» ЖШС арасында жасалған.

12 желтоқсанда Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу шарасын қабылдаған. 22 желтоқсанда Атырау облыстық соты екі айға қамауға алу шарасын алды.

Қазір Бақытгүл Хаменованың Атырау облысының әкімдігіндегі штаттық орны сақталған. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Хаменова жұмыстан өз еркімен кету туралы арыз жазбаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама