×

Тараздағы бүлік кезінде 15 адам қаза тапты

Жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 66 адам ұсталды, арасында жасөспірімдер де бар 

 Айнұр Шошаева 26.01.2022 | 14:59
фото: 7news.kz

2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығында Тараз қаласында болған жағдайға байланысты облыстық құқық қорғау органдары 73 қылмыстық іс, оның ішінде полиция департаменті 64 қылмыстық іс тіркеді, деп хабарлайды Halyq uni тілшісі облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Жаппай тәртіпсіздік кезінде алған жарақаттан 15 адам қаза болып, медициналық мекемелерге 280 адам түрлі дене жарақатымен жүгінді. 

Заңға қайшы қылмыстық әрекет жасады деген күдікпен 66 адам ұсталды, оның ішінде 8-і кәмелетке толмаған. Атап айтқанда, 61 адам сот қаулысымен қамауға алынды, 2 адам үйқамаққа алынды. Қалған үшеуіне қатысты іс тергеу сотының қарауында жатыр. Барлық тергеу әрекеті қорғаушының қатысуымен өтеді және бейнежазба жүргізіледі, - деді Жамбыл облысы Полиция департаменті басшысының орынбасары Темірбек Оразымбетов.

Оның айтуынша, прокурор қадағалауымен айғақ жинақтау қылмыстық-процестік кодекс талаптарына сай, қатаң түрде жүріп жатыр.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама