×

Қосшыдағы балалар алаңқайы: әкімдік әлі бітпеген жұмысты қабылдап үлгерген

Аяқсыз қалған жұмыс үшін бюджеттен 8,4 млн теңге төленген

 Ербол Тұрымбет 10.05.2024 | 09:51
фото: "Әділдік жолы" РҚБ

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қаласы филиалына «Лесная поляна» тұрғын үй алабының тұрғындары шағым айтып хабарласқан. Тұрғындардың айтуынша, 2023 жылдың желтоқсанында 13 және 13/1 үйлердің ауласына балалар алаңына арналған құралмалы қаңқалар әкеледі. Айта кетерлігі, қаңқалар әкелінгенімен, оны құрастырып орнатпаған. Десе де орындалған жұмыс актісіне қол қойылып, артынан бәрі ұмыт қалады. Бұл туралы «Әділдік жолы» РҚБ Астана қалалық филиалының басшысы Дархан Құлжамбеков әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.

«Әділдік жолы» өкілінің жазуынша, темір қаңқалар үйіндісі аулада әлі (2024 жылдың 28 сәуіріндегі жағдай) жатыр. Демек, жұмыс толық орындалмады деген сөз, сонымен қатар, техникалық сипаттамасына сай келмейтін сапасыз бұйымдар қолданылған. Оған қоса, Қосшы қаласының ТҮКШ және ТИ бөлімі 2023 жылы-ақ толық орындалған жұмыстың ақысын төлеп жіберген.

Әкімдік тарапынан қатал талап болмаған соң мердігер де аяқсыз қалған жұмысты бітіргісі жоқ. Қоғамдық ұйым өкілі мәселені мән-жайын тұрғындардың өзінен анықтап, тағы біраз жайтқа қанық болған. 2023 жылы Қосшы қаласының аталған ТҮКШ және ТИ бөлімі мен «AMIRTAS BUILDING» ЖШС арасында Қосшыда балалар алаңқайын жасау туралы 8,4 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу келісімшарты жасалады.

Жұмыстар былтыр қарашаның 27-сіне дейін бітуге тиіс еді. Бізге жеткен мәлімет бойынша, келісімшартта көрсетілген жұмыстар толық орындалмаған. Сөйте тұра, 2023 жылдың соңында тапсырыс беруші атынан Қосшы қаласы әкімінің орынбасары мен мердігер орындалған жұмыстар актісіне қол қойған, - дейді Дархан Құлжамбеков.

Қазіргі аталған жұмыстардың аяқсыз қалғанын фотосуреттерден көруге болады

«Әділдік жолы» өкілі келісімшарт бойынша бюджеттен жұмсалған осынша қаражаттың көлемі мен оның қаншалықты қажет болғанына күдік туындайтынын айтады. Оған қоса, орындалған жұмыстардың сапасы және оны қабылдап алу кезінде жемқорлық болмады ма деген күмән барын жасырмады.

Айта кету керек, қоғамдық ұйым бұл деректің бәрін әлеуметтік желілерден және қосымша ақпаратты WhatsApp желісі арқылы «Лесная поляна» тұрғын үй алабының тұрғындарынан алған.

Енді «Әділдік жолы» РҚБ осы айтылған деректер негізінде, жоғарыда аталған фактілер бойынша прокурорлық тексеру жүргізіп, келісімшарттың заңдылығын, сондай-ақ жұмыстардың орындалуын әрі орындалған жұмыс актілерінің заңдылығын тексеруді сұрап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама