×

«Бір патрон – судьяға, бір патрон – өзіме»: Бақытжан Ертаев 28 жыл бұрынғы істің мән-жайын баяндап берді

Генерал-лейтенант 43 күн тергеуде болған күндерін еске алды

 Ая Өміртай 10.05.2024 | 14:49

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Халық қаһарманы - генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевпен сұқбат құрдық. Қазақстан әскерін реформалау, еліміздің Қарулы күштерінің қалыптасуы жолында ұзақ жыл еңбек еткен генерал-лейтенант қызмет жолында кездескен қиындықтар мен естеліктерін ортаға салды.

1996 жылы Қарулы күштері Бас штабының бастығы қызметінде жүрген Бақытжан Ертаевқа қару сатты деген айып тағылып, 43 күн тергеуде болған. Бақытжан Ертаев осынау атышулы істе не үшін аты аталғанын, оқиғаның қалай болғанын Halyq Uni журналисіне бүкпесіз айтып берді.

Ол тергеу кезінде «жүрегі ауырды» деген диагнозбен әскери госпитальға жеткізілген кездегі жағдайын айтып берді.

Түбі мені қоймайды деп ойладым. Тапаншаға екі оқ салдым. Бір патрон судьяға, бір патрон өзіме. Марқұм (судья – авт.) кейін қайтыс болды, жақсы жігіт еді. Құпиямды сол алып кетті. Соған айттым: «Генерал түрмеге бармауы керек, егер генерал болса. Асылып өлмеуі керек, ол атылып өлуі керек. Өмірдің аты өмір, жұбайым жас. «Әкем неге атылып өлді» деп екі балам сұраса, «абырой имеет честь» деп айтуды тапсырдым. Шындық үшін күресу керек, мойымау керек. Мен ақыры ақталып шықтым, - деп еске алды Бақытжан Ертаев.

1996 жылы Қазақстаннан Солтүстік Кореяға кетіп бара жатқан эшелон зенит зеңбіректері Ресей аумағында ұсталған. Алайда оқиға халықаралық баспасөзге белгілі болып, «Қазақстан тоталитарлық режимдегі елдерге қару сатып отыр» деген ақпарат тараған. Генерал аталған іске өзінің қатысы жоқтығын, сондай-ақ тиісті құжаттағы шешім Қорғаныс министрінің мақұлдауымен болғанын атады.

«Егер сол іске менің қатысы болса, қазір қасыңызда отырмас едім. Соттың бітетін күні шешім шығуы керек. Сонда менің адвокатым сөзін Қасым Қайсеновтің сөзімен бастады. «Егер генерал Ертаевты соттайтын болсаңдар, онда мені, Қасым Қайсеновті соттағандарың. Егер жауынгер Ертаевты соттайтын болсаңдар, онда партизан Қасым Қайсеновті соттағандарың» деді. Сонда залда отырған екі қыз еңіреп жылап жіберді. Ақыры шындық жеңіп, ақталып шықтым», - деп еске алды Бақытжан Ертаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама