×

«Қазақстанда 40 млн гектар жер мақсатты пайдаланылмай бос жатыр» – Үкімет басшысы

Оның 95 пайызы – жайылымдық жерлер

 Қанат Атаманов 13.07.2022 | 00:30
Фото: inform.kz

Былтыр пайдаланылмай жатқан 400 мың гектар жер мемлекеттің балансына қайтарылды. Ал биыл тағы 5 миллион гектарға дейін жер алынады. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.

Біз ғарыштық мониторинг тәсілі арқылы жердің пайдаланылуын бақылаймыз. Бұл норма былтыр отандық заңнамаға енгізілген. Осы ғарыштық мониторинг нәтижесінде 40 млн гектар жер пайдаланбай жатыр деген ақпарат алдық. Оның 95 пайызы – жайылымдық жерлер. Жайылым жердің тапшылығы бар екені баршамызға мәлім. Бірақ оларды қайтару мәселесі бір күнде шешілмейді. Неге десеңіз, Конституциямызда жекеменшік құқықтар қорғалған. Сондықтан сол пайдаланбайтын жерлерді қайтару мәселесі сот тәртібімен шешіледі, - деді Әлихан Смайылов Ұлттық арнадағы «Жаңа Қазақстан» бағдарламасында.

Шенеуніктің айтуынша, бұл мәселе жөнінде арнайы комиссия құрылған. Биыл бұл жұмыстар өз жалғасын табады.

«Былтыр пайдаланылмай жатқан жерлердің 400 мың гектары қайтарылды. Биыл мұны 5 млн гектарға дейін жеткіземіз. Яғни, биыл қайтарылатын жер көлемі 12 есеге ұлғаяды және ол жерлерді нақты пайдаланатын, ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын отандық кәсіпкерлерге беру керек. Сондықтан бұл өте маңызды сұрақ», - деді Премьер-министр.

Біз бұған дейін елімізде жайылымдық жерді қайтару үшін жедел желі ашылғанын жазған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама