×

Олимпиада-2024: Нариман Курбанов әлемде үш адам ғана істейтін элементті бағдарламасына қосты

Қатардың астанасындағы Әлем кубогы 17-21 сәуір аралығында болады

 Дастан Жұмабекұлы 04.04.2024 | 15:44
Фото: olympic.kz

Гимнаст Нариман Курбанов Қатардың астанасы – Дохада өтетін Әлем кубогы кезеңіне дайындалып жатыр. Ол осы кезеңнен кейін гимнастикалық ат снарядында Олимпиада жолдамасын иеленуі мүмкін.

Olympic.kz сайтының хабарлауынша, спортшы бағдарламасын жетілдіріп жатыр. Қазір оның комбинациясы қиындығы жөнінен әлемде екінші орында – 6.7. Өткен Әлем кубогы кезеңдерінде оның элементі ең қиын бағдарлама болды. 

Антальядағы турнирге 6.9 болатын жаңа бағдарламамен бардым. Бұл базалық жағынан қазіргі Олимпиада чемпионы, британдық Макс Витлоктың комбинациясымен бірдей. Бір қолмен айналуды қостым. Мұндай элементті әлемде 3-4 адам ғана істей алады. Соңына қарай жаттығуды толық аяқтауға мүмкіндік болмады. Десе де маған нәтижем ұнайды, – деді гимнаст. 

Курбанов Хорватияда өтетін халықаралық турнирге қатыспайтынын да айтты. 

Хорватияға барғаным жоқ. Қазір Қатарда оқу-жаттығу жиынындамын. Осында өтетін лицензиялық Әлем кубогына дайындалып жатырмын. Лицензия туралы көп ойламай, өз жұмысымды барынша жақсы істегім келеді. Себебі Қатарда Олимпиялық ойындардың медаліне басты үміткерлер сынға түседі. Осы жарысқа құдды Олимпиадаға барғандай қатысқым келеді. Әзірге биылғы маусымға баға беруге ерте. Тек өзімнің бабымда екенімді, түрлі қиындыққа қарамастан, алға сеніммен қадам басатынымды айтқым келеді. Алдағы 10 күнде жаңа нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ. Жай ғана спорттық бабымды реттеймін, – деді Нариман Курбанов.

Қатардың астанасындағы Әлем кубогы 17-21 сәуір аралығында болады. Осы жарыстың қорытындысы бойынша Олимпиада лицензиясын алған гимнастар анықталады.

Қазақстан ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы Александр Кимнің айтуынша, Курбановтың жолдаманы алуға мүмкіндігі жақсы.

Қазір Қазақстан еншісінде спорттық гимнастикадан Олимпиаданың бір жолдамасы бар. Былтыр Антверпенде өткен әлем чемпионатында Милад Карими қола медальмен бірге, көпсайыста жолдаманы жеңіп алған.

Қатардың астанасындағы Әлем кубогына ерлер құрамасында Милад Карими, Дмитрий Патанин, Диас Тойшыбек, Нариман Курбанов барады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама