×

Нариман Курбанов Олимпиада жолдамасы үшін жарысқа шығады

Қазір спортшы әлемдік рейтингте 66 ұпаймен екінші орында тұр

 Дастан Жұмабекұлы 27.03.2024 | 13:46
Фото: Сали Сабиров

17-21 сәуір аралығында Катардың астанасы – Доха қаласында спорттық гимнастикадан Әлем кубогының кезеңі өтеді, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы.

Жарыс қорытындысы бойынша Олимпиада лицензиясын алған гимнастар белгілі болады. Ұлттық құрама сапынан Нариман Курбанов ат снарядында ойындар жолдамасына иелік етуге бір табан жақын тұр.

Қазақстан ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы Александр Ким Курбановтың жолдаманы алуға мүмкіндігі жақсы екенін айтты.

Дохадағы шешуші кезеңде Нариманға үздік үштікке кіру қажет. Сол кезде ешқандай қарсыласы қуып жете алмайды. Қазір үш кезеңнен кейін оның еншісінде 66 ұпай бар. Каирде 16 балл, Котбуста 30 балл, Бакуде 20 балл алған. Қазір ол рейтингте екінші орында.

Егер Ли Чи Кай Дохада ат снарядында топ жарса, 30 балл қосылып, оның ұпай саны 68-ге жетеді. Сол себепті Нариман кем дегенде үздік үштіктен түспеуі керек. Я болмаса Тайпей спортшысы алтын жүлдесіз қалуы қажет. Барлық 4 кезеңнен кейін ең жоғары 3 жарыстағы ұпайлар есепке алынады. Демек Нариман Дохада жақсы өнер көрсетсе, Каирдегі нәтижесі есепке алынбайды, – деді Александр Ким.

Қазір Қазақстан еншісінде спорттық гимнастикадан Олимпиаданың бір жолдамасы бар. Былтыр Антверпенде өткен әлем чемпионатында Милад Карими қола медальмен бірге, көпсайыста жолдаманы жеңіп алған.

Катардың астанасындағы Әлем кубогына ерлер құрамасында Милад Карими, Дмитрий Патанин, Диас Тойшыбек, Нариман Курбанов барады.

Еркін жаттығу, қоссырғақ пен тіреніп секіруде Карими мен Патанин, ат снарядында Курбанов пен Тойшыбек, қос шығыршықта Патанин, кермеде Тойшыбек пен Карими өнер көрсетеді.

Әйелдер жарысында Аида Бауыржанова, Дарья Ясинская сынға түседі. Олар тіреніп секіру, әр биіктіктегі қоссырықта, еркін жаттығу мен бөренеде жарысады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама