Halyq Uni логотип
×

Тергеу изоляторында Қуандық Бишімбаевқа ерекше жағдай жасалмаған – министр

Экс-министрге қатысты басты сот талқылауы 27 наурызда өтеді

 Дәурен Ерболат 20.03.2024 | 13:05
Тергеу изоляторында Қуандық Бишімбаевқа ерекше жағдай жасалмаған – министр
Фото: Halyq Uni / Жансерік Күзембай

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов экс-министр Қуандық Бишімбаевқа тергеу изоляторында ерекше жағдай жасалмағанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Әрине, оған (Қуандық Бишімбаевқа – авт.) ерекше жағдай жасалмаған. Барлығы заңға сәйкес (изоляторда отыр). Ол бәрімен бірге отыр. Оның жанында адамдар бар», - деді Ержан Сәденов Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

Журналист «Сіз Қуандық Бишімбаевқа тергеу изоляторында ерекше жағдай жасалды дегенді жоққа шығарасыз ғой?» деп сұрағын нақтылады.

Иә, мен бұл ақпаратты жоққа шығарамын. Ол (Қуандық Бишімбаев) заңға сәйкес жалпы камерада отыр, - деді министр.

Айта кетейік, 2024 жылдың 11 наурызында Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі басталды.

Айыптау актісіне сәйкес, Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған.

Бишімбаевтың адвокаттары қылмыстық істі прокуратураға қайта жіберуді, Бишімбаевтың әрекетін 99-баптан (аса қатыгездікпен адам өлтіру) 104-баптың 1-бөлігіне (абайсызда қазаға ұшырату) қайта саралауды сұрады.

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соты алқабилердің қатысуымен өтетін болды. Басты сот талқылауы 27 наурызға жоспарланды

Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру);

110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (қинау).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама