×

Бишімбаев куәлік беруден 4 рет бас тартты – адвокат Жанна Уразбахова

Жәбірленуші тараптың адвокаты Бишімбаевтың қорғаушылары жолдаған өтінішті орындамауды сұрады 

 Айгерім Таубай 12.03.2024 | 19:05
Фото: Астана соты баспасөз қызметі

Астанада Салтанат Нүкенованың қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтіп жатыр. 2024 жылдың 11 наурызында басталған алдын ала сот тыңдауында сотталушы Қуандық Бишімбаевтың авдокаттары бірнеше өтінішхат жолдады. Оның ішінде адвокаттар қылмыстық іс материалдарын тергеуді әрі қарай жалғастыру үшін прокуратураға қайтаруды, Бишімбаевтың әрекетін 99-баптан (аса қатыгездікпен адам өлтіру) 104-баптың 1-бөлігіне (абайсызда қазаға ұшырату) қайта саралауды сұрады.

12 наурызда өткен алдын ала сот тыңдауында Бишімбаевтың адвокаты Назкен Құсайынова сотталушыдан тағылған айып бойынша жауап алынбағанын айтып, Bau мейрамханасында Бишімбаевтың айғағы негізінде тексеру жүргізуді сұрады.

Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Уразбахова қылмыстық іс бойынша сотталушы Қуандық Бишімбаевты қорғау тарапыны жолдаған өтінішхаттың бәрін қанағаттандырмауды сұрады.

Сотталушы Бишімбаевты қорғау тарапының барлық өтінішхатын қанағаттандырмауды сұраймыз. (...) Істі прокурорға қайтаруға негіз жоқ. Сондай-ақ іс бойынша айғақтарды жарамсыз деп тануға негіз жоқ. Бишімбаевтан жауап алынбады деген шындыққа жанаспайды. Қылмыстық іс материалдарында Бишімбаевтан жауап алудың алты хаттамасы бар, оның төртеуінде ол өзінің Конституциялық құқығын пайдаланып, куәлік беруден бас тартты. Бишібаевтан екі рет жауап алынды, ол жерде өзіне тағылған жаңа айып – қылмыстық кодекстің 110-бабына қатысты ойын айтқан. Осыған байланысты Бишімбаевтан сотқа дейінгі тергеу барысында жауап алынбады дегенге келіспеймін, - деді Уразбахова.

Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова жүргізілген сараптамалар адамның дене жарақаты салдарынан қайтыс болғанын көрсеткенін айтты.

Жүргізілген сараптама нәтижесінде адамның дене жарақаты салдарынан қайтыс болғаны анықталды. Енді қандай абайсызда кісі өлтіру әрекеті туралы айта аламыз? Сарапшылар Нүкенованың басына 12-13 соққы тигенін көрсетіп отыр. Қорғау тарапы видеоматериалдарды қылмыстық іс материалдарынан алып тастауды сұрап отыр. Ол жерде Бишімбаевтың Нүкенованы ұрып жатқаны анық көрсетілген. Іс бойынша 50 шақты адамнан жауап алынды, олар тікелей немесе жанама түрде Бишімбаевтың Нүкенованы мақсатты түрде ұрғанын айтты, - деді прокурор Айжан Аймағанова.

Айта кетейік, 2024 жылдың 11 наурызында Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі басталды.

Айыптау актісіне сәйкес, Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған.

Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанованың айтуынша, Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев 2022 жылдың тамызында танысқан. Ал тойы сол жылдың желтоқсанында өткен. Алайда Бишімбаев пен Нүкенова заңды некеде тұрмаған. Қарым-қатынас барысында Бишімбаев Нүкеноваға туыстары, құрбыларымен кездесуге, жұмыс істеуге рұқсат бермеген және үнемі қызғанған. Соған байланысты үнемі физикалық күш қолданған. 

Қайғылы оқиға болған күні Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев Астанада өткен концертке барған. Алайда концерт аяқталмастан, ол жерден шығып, Bau мейрамханасына барады. Сол жерде Нүкенова қарым-қатынасты тоқтатқысы келетінін айтқан. Олар бастапқыда мейрамханадан шыққысы келген, алайда Бишімбаев рұқсат бермеген. Мейрамхананың VIP залында екеуінің арасына туған жанжал жалғасқан. Бишімбаев жанжал барысында өзінің ақшасына сатып алынған заттар туралы айтқан. Содан кейін Нүкенова ішкиім және әшекейден басқасын шешіп тастаған. Оның бұл әрекеті Бишімбаевтың ашуына тиген. Тергеу мәліметіне сәйкес, содан кейін Бишімбаев әйелді жұдырықпен ұрған. 

Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

  • 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру);
  • 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (қинау).

Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

  • 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);
  • 434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама