×

Бишімбаев пен Нүкенова заңды некеде болмаған: прокурор экс-министрге қатысты айыптау актісін оқыды

Қуандық Бишімбаев ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды

 Айгерім Таубай 11.03.2024 | 16:14
фото: Halyq Uni / Жансерік Күзембай

Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі басталды.

Айыптау актісіне сәйкес, Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған.

Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанованың айтуынша, Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев 2022 жылдың тамызында танысқан. Ал тойы сол жылдың желтоқсанында өткен. Алайда Бишімбаев пен Нүкенова заңды некеде тұрмаған. Қарым-қатынас барысында Бишімбаев Нүкеноваға туыстары, құрбыларымен кездесуге, жұмыс істеуге рұқсат бермеген және үнемі қызғанған. Соған байланысты үнемі физикалық күш қолданған. 

2023 жылдың наурызында (нақты уақыты анықталмаған) қызғаныштан Нүкенованы ұрып-соққан. 2023 жылдың 25 наурызында Нүкенова дене жарақатының фотосын түсіріп, ағасына жолдаған. Алайда ешқандай әрекет қабылдамауын сұраған. Содан кейін ағасы Нүкеновадан ажырасуды сұраған. Алайда ол жағдай реттеліп кетеді деп, ажырасудан бас тартқан.

Бишімбаев ұрып-соққаны көрсетілген фото Нүкенованың туыстарында бар екенін біліп, оны жалаңаш түрде фотоға түсіруге итермелеген. Нүкенова оған келісім беріп, жалаңаш түрде фотоға түсіруге мәжбүр болған.

Нүкенова Бишімбаевтан бірнеше рет кетуге тырысқан, алайда Бишімбаев кешірім сұрап татуласқан. 

Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев 2023 жылы 9 қаңтарда Астанада өткен концертке барған. Алайда концерт аяқталмастан, ол жерден шығып, Bau мейрамханасына барады. Екеуі шарапқа тапсырыс беріп, 4 бөтелке шарап ішкен. Осы кезде Нүкенова қарым-қатынасты тоқтатқысы келетінін айтқан. Олар бастапқыда мейрамханадан шыққысы келген, алайда Бишімбаев рұқсат бермеген. Мейрамхананың VIP залында екеуінің арасына туған жанжал жалғасқан. Бишімбаев жанжал барысында өзінің ақшасына сатып алынған заттар туралы айтқан. Содан кейін Нүкенова ішкиім және әшекейден басқасын шешіп тастаған. Оның бұл әрекеті Бишімбаевтың ашуына тиген. Тергеу мәліметіне сәйкес, содан кейін Бишімбаев әйелді жұдырықпен ұрған. Таңғы алты кезінде мас күйінде Бишімбаев Салтанатпен бірге ғимараттан шықпақ болған, алайда оларды күзетші байқаған соң, екеуі мейрамханаға оралған.

Бишімбаев өзінің қылмыстық әрекетінің ауыр әрі қатыгездік екенін түсініп,  Нүкенованың басынан жұдырықпен бірнеше рет ұрған. Салдарынан әйел еденге құлаған. Содан кейін Бишімбаев Нүкенованы ұрып-соғуды жалғастырған. Артынша Нүкенованы еденнен көтеріп, басынан жұдырықпен ұрған, вип-залға шашынан сүйреп апарған, – деді мемлекеттік айыптаушы.

Нүкенова дәретхананың есігін ішінен іліп, жасырынбақ болған. Алайда Бишімбаев есікті металл затпен ашпақ болады. Тергеу мәліметіне сәйкес, ол әйелді шығарып, тағы да басы мен денесін ұрып-соққан. Сондай-ақ оны буындырғаны айтылды, салдарынан Нүкенова есінен танып қалған. Содан кейін де әйелді соққыға жыға бастаған, оның есін жоғалтқанына көзі жеткен кезде әрекетін тоқтатқан. Нүкенова алған жарақатынан сол кезде қайтыс болған.

Бишімбаев келесі күні өзінің туысы Бақытжан Байжановты шақырып, мейрамхана қызметкерлерін таратуды тапсырған. Марқұмның телефонын беріп, бірнеше мекенжайға барып қайтуды тапсырған.

Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды.

Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру);

110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (қинау).

Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);

434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама