×

Астана әуежайынан кешіктірілген рейстер ұша бастады (ВИДЕО)

Жолаушылар ұшақтарға тіркеліп жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 27.02.2024 | 15:00
Фото: Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі

Астана халықаралық әуежайындағы жағдай бір қалыпқа келе жатыр. Осыған дейін төтенше жағдай салдарынан әуежайдан ұшатын 18 рейс (14 рейс Қазақстан ішінде, 4 халықаралық рейс) кешіктірілген еді. Әуежайдың ішкі және халықаралық рейстер терминалындағы жұмыс 10:48-де жанданып, жолаушылар тіркеуден өте бастады, деп хабарлады Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті.

DV702 Астана-Шымкент рейсі 12:23-те, IQ389 Астана-Жезқазған 12:26-да, IQ437 Астана-Петропавл 13:38-де, KC952 Астана-Алматы 12:46-да, КС7052 Астана-Алматы 13:36-да, KC205 Астана-Дубай 13:04-те ұшты. Төтенше жағдай кезінде әуежайда Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің басшылығы, Авиациялық әкімшілігі қызметкерлері, Terminals Airport Astana Management LLP мен әуежай қызметкерлері жедел штаб құрып, жұмыс істеді. Эвакуацияланған жолаушыларға сусын, жеңіл тағам ұсынылды.

Қазір жолаушылардың қауіпсіздігі – әуежай басшылығының басты назарында. Сондықтан әуежайдағы қауіпсіздік шараларын қалыпқа келтіру және күшейту шараларын әрі қарай жалғастырады. Осындай сәтте әуежай қызметкерлеріне қолдау білдіріп, қиын жағдайда түсіністік танытқан жолаушыларымызға алғыс білдіреміз», – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бүгін Астанадағы халықаралық әуежайдан өрт шығып, бірінші қабаттағы Т-1 және Т-2 терминалдары арасындағы 15 шаршы метр болатын алаңда электр кабелі жанып кеткен еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама