×

1WIN казиносын ұйымдастырған 4 күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды

Олар кәмелетке толмағандарға да құмар ойындарға қатысуға мүмкіндік берді

 Динара Амантай 09.01.2024 | 10:20
Фото: видеодан скриншот

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Қазақстан, ТМД және алыс шет ел аумағында жұмыс істеген 1WIN онлайн-казиносының заңсыз қызметіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Агенттіктің мәліметінше, онлайн-платформа заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырумен қатар, мыңдаған қазақстандықтарды тартып, тиісті лицензиясыз букмекерлік қызмет көрсеткен.

Ақшалай қаражат интернет-эквайринг арқылы аутентификациясыз қабылданған. Бұл тіпті кәмелетке толмағандарға да құмар ойындарға қатысуға мүмкіндік берді. 2023 жылдың өзінде-ақ онлайн-казино айналымы шамамен 4 млрд теңге болды. Тергеу жалғасып жатыр. Онлайн-казино сайты бұғатталып, төрт ұйымдастырушы халықаралық іздеуге жарияланды, – деді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Тәркіленуге жататын мүлік және жалпы көлемі 1,5 млрд теңге ақша бұғатталды. Сондай-ақ Mercedes-Maybach S500 және Lamborghini Huracan автокөліктері тәркіленді.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама