×

Қырғызстанда жаңа мемлекеттік ту пайда болды

Мен сіздерден көп нәрсе сұрап жатқан жоқпын ғой, - деді Садыр Жапаров

 Дастан Жұмабекұлы 20.12.2023 | 16:00
Фото: kg.akipress.org

Қырғыз Республикасы Жогоргу Кенешінің депутаттары мемлекеттік туды өзгертуге қатысты заңға дауыс берді. 59 депутат тудағы жаңа өзгерістерді қолдады. Бес депутат өзгертуге қарсы шықты. Сөйтіп, мемлекеттік ту өзгеретін болып шешілді.

Қырғызстанда мемлекеттік туды өзгерту мәселесі біраз уақыттан бері қаралып, оның соңы дауға айнала жаздаған еді.

24.kg-нің хабарлауынша, қыркүйек айында Жогорку Кенештің төрағасы Нурланбек Шакиев пен депутат Улан Примов тудың ортасында бейнеленген күннің күнбағысқа ұқсайтынын айтып, оны нұр шашқан күн етіп өзгертуді ұсынған болатын.

Ел президенті Садыр Жапаров та осы ұсынысты қолдаған. Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев те тудағы күннің суретін өзгерту керектігін айтқан. Алайда Қырғызстан Үкіметінің кейбір мүшелері мемлекеттік туды өзгертуге қарсы шығып, ол біраз уақыт Парламенттің бір кабинетінде ескерусіз жатып қалған. Енді мемлекеттік туды өзгерту мәселесі Жогорку Кенеште тағы да талқыланып, ол депутттардың басым бөлігінің қолдауын тапты.

Бұған дейін ел президенті Садыр Жапаров Қазақстанның бұрынғы перзиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшірген кездегі еңбегін мысалға ала отырып, халық қалаулыларынан мемлекеттік туды өзгерту үшін дауыс беруге жалынғандай болып өтініш айтқан еді.

Мен сіздерден көп нәрсе сұрап жатқан жоқпын ғой. Біздің көрші еліміз бен оның астанасын қараңыздаршы. Кезінде Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Кеңеске ел астанасын Алматыдан Ақмола қаласына ауыстыру туралы өтініш айтқанда оны көп депутат қолдамады. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы «Бүгін менің туған күнім еді. Маған бір сыйлық жасасаңыздар нетті?» – деп депутаттардан ұсынысын қолдауды сұраған екен. Соны ескерген халық қалаулылары астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім шығарып жіберген. Ал қазір Астана қандай әсем қала! Қандай ғажап қала! Мен сіздерге қаланы ауыстыру туралы ұсыныс-тілек айтып жатқан жоқпын. Небәрі мемлекеттік туға болмашы бір өзгертуді ғана сұрап жатырмын. Соны да көпсініп отырсыздар ма?! – деген еді Садыр Жапаров.

Осыдан кейін Жогурку Кенеш мемлекеттік туды өзгерту туралы шешім қабылдады. Садыр Жапаровтың Парламент депутаттарына айтқан сол сөзі ескерусіз қалмаған сияқты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама