×

Шетелдік университеттердің филиалы ашылады: студенттер бюджет есебінен оқиды

Шетелдік білім қолжетімді болады

 Дәурен Ерболат 02.11.2023 | 19:05
Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда ашылатын шетелдік университеттердің филиалында жыл сайын 1700 қазақстандық мемлекет есебінен оқуға мүмкіндік алады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Сенаттың комитет отырысында «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқыға салынды.

Жиында министрдің орынбасары елімізде ашылатын шетелдік университеттердің филиалында қазақстандықтар бюджет есебінен оқи алатынын атап өтті.

Шетелдік университеттердің филлиалында оқуға жыл сайын 1700 студентті қабылдау көзделген. Мұнда мен мемлекеттік тапсырыс туралы айтып отырмын. (Жыл сайын) 1700 мемлекеттік тапсырыс бөлінеді, - деді Абзал Бейсенбекұлы комитет отырысынан соң.

Алайда вице-министр 2024 жылғы бюджеттен бұған нақты қанша қаржы қарастырылғанын айта алмады.

Оның сомасы нақты есімде жоқ... Бірақ есептеп көрейік. Кейбір шетелдік университеттердің филлиалдарында оқудың ақысы 900 мың теңге болады. Бұл – бір жылдың оқу ақысы. Енді The University of Arizona, Heriot-Watt University сынды жоғары оқу орындарында оқу ақысы 2-2,5 млн теңге болады, - деді министрдің орынбасары.

Айта кетейік, кеше Мәжіліс алдағы үш жылдың республикалық бюджетін қабылдаған еді.

Бұған дейін Қазақстанда шетелдік алты университеттің филиалы ашылатыны хабарланған.

Сондай-ақ жасанды интеллект мамандарын даярлайтын алғашқы университет Қызылордада ашылатыны белгілі болған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама