×

Қазақстанда жасанды интеллект мамандарын даярлайтын алғашқы университет Қызылордада ашылады - Саясат Нұрбек

 Айнұр Шошаева 06.10.2023 | 11:11
фото: Halyq Uni

Қорқыт ата университетінің базасында жасанды интеллект мектебі ашылады. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Nobel Fest 2023 халықаралық фестивалінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq uni.

Министр өз сөзінде былтыр елімізде әлемдегі озық 4 жоғары оқу орнының филалы ашылғанын атап өтті. Биыл тағы 6 ЖОО филиалы ашу жоспарланып отыр.

Ақтөбеде Heriot-Watt филиалы ашылды. Жыл соңында Ақтауда 4 жетекші неміс университеттерінен тұратын концорциум ашылады. Сондай-ақ жасанды интеллектпен айналысатын алғашқы университетіміз ашылады. Ол  Алматыда да, Астанада да емес, Қызылордада болады. Өңірлік Қорқыт ата университетінің базасында Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлесіп ашылады, - деді министр.

Сондай-ақ ол қараша айында Сеултехпен бірлесіп, жасанды интеллект мектебі ашылатынын айтты. Корея тарапы жобаға 2,5 млн АҚШ долларын инвестициялауды көздеп отыр.

Жасанды интеллект бойынша екінші университет маман даярлайтын болады. Біз 17-18 келісімге қол қою үшін Пекинге барамыз. Гонконг қалалық университетімен де жасанды интеллекттің ақпараттық технологиялары бойынша бірлесіп маман даярлаймыз. Бұл – жас университет болғанмен, қазірдің өзінде 52-орында тұрған, келешегі зор динамикалық университеттің бірі. Соның арқасында электромобильдерге инженерлерді даярлау көзделіп отыр, - деді министр.

Сонымен қатар, Саясат Нұрбек жаңадан ашылатын ЖОО-ларда мамандардың қалай оқытылатынына тоқталды.

Қорқыт ата университетіндегі бағдарлама 1+3+1 моделімен оқытылады. Яғни бір жыл фаундейшн, үш жыл Сеултехтің бағдарламасы және ең мықтылар Сеулде бір жыл оқиды. Көптеген басқа бағдарламаларды дәл осылай құрып жатырмыз», - деді Саясат Нұрбек.

Еске сала кетсек, қазір Астанада Nobel Fest 2023 фестивалі өтіп жатыр. Nobel Fest – Нобель сыйлығының лауреаттарымен, көрнекті ғалымдармен және сарапшылармен пікір және білім алмасуға арналған бірегей платформа.

Нобель фестивалінің басты миссиясы – жаһандық білім мен ғылымды әлемнің кез келген бұрышына қолжетімді ету.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама