×

«Қайрат Сатыбалдыұлы түрмеде отырып, қонақүй сатып алды»: Антикор мәлімдеме жасады

БАҚ және әлеуметтік желілерде Қайрат Сатыбалдының түрмеде отырып, қонақ үй сатып алғаны туралы ақпарат тараған еді

 Халық үні 06.06.2023 | 19:55
фото: ашық дереккөзден

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлы темір тордың ар жағында отырып, қонақүй сатып алды делінген ақпаратқа жауап берді. 

«Жекелеген азаматтар БАҚ және әлеуметтік желілерде «Double Tree by Hilton Almaty» қонақүйін адамдар тобының, соның ішінде Қ.Сатыбалдыұлының иемдену әрекеттері туралы ақпарат таратып жатыр.

Барлығына белгілі, сотталған Қ. Сатыбалдыұлы қылмыстық-атқару жүйесінің тиісті мекемесінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатыр. Бұл ретте оған қатысты салықтарды төлемеуге және қылмыстық кірістерді заңдастыруға байланысты қылмыстардың басқа эпизодтары бойынша тергеу жалғасуда. Тергеу барысында заңсыз шығарылған активтерді, сондай-ақ қылмыстық қаражатқа сатып алынған мүлікті қайтару бойынша шаралар қабылданады.

Осыған байланысты Сатыбалдыұлына залалды өтеу мақсатында бизнес орталықтар, әкімшілік ғимараттар, коммерциялық үй-жайлар, үйлер, пәтерлер, аяқталмаған құрылыс объектілері, жер учаскелері, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс автомашиналар мен ақшалай қаражат мемлекетке беріледі. Олардың қатарына 2021 жылдың қараша айында Сатыбалдыұлымен байланысты кәсіпорын сатып алған «Double Tree by Hilton Almaty» қонақүйі кіреді. Қазіргі уақытта осы объектіні мемлекет меншігіне қайтару аяқталуда. Азаматтарды жалған ақпарат таратуға жол бермеуге шақырамыз», - делінген мәліметте.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Қайрат Сатыбалдының рейдерлік әрекетінің құрбаны болдық деген Алматыдағы Hilton қонақ үйінің 160 қызметкерінің арыз-шағымын тыңдап қайтқанын жазған болатынбыз. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама